Нұралхан Көшеров Түркия Ұлттық мәжілісінің депутаты Зорлу Кюршадпен кездесті

Нұралхан Көшеров Түркия Ұлттық мәжілісінің депутаты Зорлу Кюршадпен кездесті

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркия Республикасының Ұлттық мәжілісінің депутаты, «AK» партиясы Бас хатшысының орынбасары Зорлу Кюршадпен ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту, саяси, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін жан-жақты талқылады. Әсіресе өңірлік деңгейдегі байланыстарды нығайту, бірлескен жобаларды іске асыру және түрік инвесторлары үшін Түркістан облысының мүмкіндіктерін таныстыру басты назарда болды.

Облыс әкімі өз сөзінде Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың тарихи және рухани негізі терең екенін атап өтті. Екі елді ортақ тіл, дін, мәдениет пен тарих байланыстыратынын айтқан Нұралхан Көшеров Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындағанын ерекше атап өтті. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Түркия Республикасының Қазақстан тәуелсіздігін ресми түрде қолдауы екіжақты достықтың берік іргетасын қалағанын жеткізді. Биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толып отырғанын, ал Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігі 1992 жылдың қазан айында Анкара қаласында ашылғанын еске салды.

Нұралхан Көшеров Түркияның Қазақстан үшін сенімді әрі ірі сауда-экономикалық әріптес екенін айтып, түрік инвесторларының Түркістан облысында жобаларды жүзеге асыруына өңірлік әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Түркістан облысы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, инфрақұрылымдық, өндірістік және туристік әлеуетін айтарлықтай арттырған. Бұл үрдісте түрік компанияларының үлесі ерекше екенін атап өтті.

Кездесу барысында Түркия депутаты Зорлу Кюршад Түркістан облысының даму қарқынына жоғары баға беріп, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері кең екенін жеткізді. Ол Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық қатынастардың бүгінгі таңда жаңа деңгейге көтерілгенін айтып, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың алдағы уақытта да табысты жалғасатынына сенім білдірді. Түрік тарапы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін және өңірлік деңгейде тығыз әріптестік орнатуға мүдделі екенін атап өтті.

Кездесуде Түркістан облысында түрік компанияларының қатысуымен жүзеге асырылған ірі жобаларға да тоқталынды. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдың құрылысы «YDA Holding» компаниясының қатысуымен қысқа мерзім ішінде іске асырылып, өңірдің көлік-логистикалық мүмкіндігін айтарлықтай арттырды. Сонымен қатар, туристік әлеуетті дамыту мақсатында салынған «Керуен – Сарай» туристік кешені Түркістан қаласының жаңа келбетінің қалыптасуына ықпал етіп, ішкі және сыртқы туризмнің дамуына серпін берді. Бұл нысандар бүгінде өңір экономикасына нақты үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ Түркістан облысында Қазақстан мен Түркия арасындағы үкіметаралық келісім негізінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің табысты жұмыс істеп келе жатқаны атап өтілді. Бұл білім ордасы екі ел арасындағы гуманитарлық және ғылыми байланыстарды нығайтып, мыңдаған жасқа сапалы білім беріп келеді. Университеттің қызметі Қазақстан мен Түркия арасындағы рухани және мәдени ықпалдастықтың айқын көрінісі ретінде бағаланды.

Нұралхан Көшеров кездесу барысында Түркістан облысында инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғанын жеткізді. Өңірде 20 индустриялық аймақ пен «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Бұл аумақтарда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелері мен өндірістік алаңдар ұсынылады. Арнайы экономикалық аймақ қатысушылары үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған, сондай-ақ инфрақұрылымы бар жер телімдері өтеусіз негізде беріледі. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында «Шағын өнеркәсіптік парктер» салу жұмыстары жүргізілуде, бұл да жаңа өндірістерді іске қосуға қолайлы орта қалыптастырады.

Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың көрсеткіштері де айтылды. 2024 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара тауар айналымы 5 миллиард АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде Түркістан облысының үлесі 87,5 миллион АҚШ долларын құраған. Экспорт көлемі 51,2 миллион АҚШ доллары болса, импорт 36,3 миллион АҚШ долларына жеткен. Бұл көрсеткіштер өңірлік деңгейде де екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.

Кездесу қорытындысында тараптар Түркістан облысы мен Түркия арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға, инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендерін білдірді. Бұл басқосу екі ел арасындағы бауырластық қатынасты жаңа мазмұнмен толықтырып, нақты жобалар арқылы өзара тиімді серіктестікті дамытуға негіз болатыны атап өтілді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...