Түркістан облысында өрт қауіпсіздігін күшейту және газдан уланудың алдын алу бағытындағы бақылау шаралары жанданды

Түркістан облысында өрт қауіпсіздігін күшейту және газдан уланудың алдын алу бағытындағы бақылау шаралары жанданды

Түркістан облысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрт оқиғалары мен газдан улану жағдайларының алдын алу мақсатында кешенді және жүйелі жұмыстар күшейтілді. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте жан-жақты талқыланып, жауапты органдарға нақты тапсырмалар берілді. Өңір басшысы өрт қауіпсіздігіне салғырт қарауға жол берілмейтінін атап өтіп, барлық құзырлы құрылымдардың үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істеуі қажет екенін қадап айтты.

Мәжіліс барысында облыс әкімі соңғы уақытта тіркелген ауыр өрт оқиғаларына, соның ішінде Жетісай ауданындағы қайғылы жағдайға ерекше тоқталды. Осы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылғаны және оның нақты міндеттер жүктеп отырғаны атап өтілді. Осыған орай Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдеріне, департаменттер мен басқарма басшыларына өрттің алдын алу, қауіпсіздікті күшейту және бақылауды қатаңдату бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, қонақүйлер, хостелдер мен кәсіпкерлік нысандар қайта тексеріліп, өрт пен улы газға қатысты қауіпсіздік талаптары күшейтілетін болды.

Өңір басшысы атап өткендей, жазатайым оқиғалардың басым бөлігі тұрғындардың қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан орын алып отыр. Осыған байланысты халық арасында жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне баса назар аударылды. Әсіресе пештерді, электр құралдарын және газ жабдықтарын дұрыс пайдалану мәселесі күн тәртібінде тұр. Сонымен қатар облыс аумағында заңсыз салынған немесе салынып жатқан құрылыс нысандарын анықтау үшін арнайы жұмысшы топ құрып, тұрақты рейдтік іс-шаралар ұйымдастыру тапсырылды. Құрылысы жүріп жатқан нысандардың құжаттары мен өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігіне арнайы талдау жүргізіліп, нәтижесіне қарай нақты шаралар қабылданатын болады.

Мәжілісте газ инспекцияларының жұмысын күшейту де маңызды міндет ретінде белгіленді. Жаңадан құрылған газ инспекциялары бір айдың ішінде барлық тұрғын үйлердің қауіпсіздігін тексеруі тиіс. Бұл шара газдан улану қаупін азайтып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Сонымен қатар тұрғын үйлерде, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарда өрттің алдын алу, газдан уланбау және электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану мақсатында рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуы тапсырылды. Барлық нысандарға өрт дабылқаққыштарын орнату және осы құралдардың маңыздылығы жөнінде халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейту де басты талаптардың бірі ретінде белгіленді.

Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Асқар Төлешев мәжілісте өңірдегі өрт жағдайына қатысты нақты мәліметтер келтірді. Оның айтуынша, өрттердің басым бөлігі тұрғын үй секторында, автокөліктерде және сауда орындарында тіркеліп отыр. Өрт оқиғаларының негізгі себептері ретінде электр құралдарын монтаждау және пайдалану кезіндегі талаптардың бұзылуы, пештерді дұрыс орнатпау және пайдалану ережелерін сақтамау аталды. Асқар Төлешев өртке қарсы дабылқаққыштарды орнату көптеген қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретінін айтып, бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.

Облыс аумағында 350 мыңнан астам тұрғын үй бар екені мәлімделді. Оның ішінде 346 мыңнан астамы жеке тұрғын үйлер болса, 3 781-і көпқабатты тұрғын үйлер. Қазіргі таңда профилактикалық шаралар аясында 139 мыңға жуық тұрғын үйге рейдтік аралау жүргізілген. Жыл соңына дейін қалған үйлерді де қамту көзделіп отыр. Бұл тексерулер барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері мен газды қауіпсіз пайдалану талаптары түсіндірілуде.

Мәжіліс қорытындысында департаменттер мен басқармалар тарапынан ұсыныстар айтылып, мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Арнайы жұмысшы топтың құрамы кеңейтіліп, оның құрамына әкімдіктер, газ инспекциялары, «QazaqGaz Aimaq» АҚ, Төтенше жағдайлар департаменті және өзге де жауапты мекемелердің өкілдері енгізілді. Бұл топ өрт қауіпсіздігі мен газдан уланудың алдын алу бойынша рейдтік шараларды тұрақты түрде өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жалғастыратын болады.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында өртке қарсы қауіпсіздік пен газдан уланудың алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Қабылданып жатқан шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қайғылы жағдайлардың алдын алуға және қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Өңір басшылығы бұл жұмыстың үздіксіз әрі қатаң бақылауда болатынын атап өтті.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...