Қазақстанның оңтүстігінде күн энергиясын пайдалану соңғы жылдары нақты экономикалық нәтиже бере бастады. Бұрын баламалы энергия тек болашақтың бағыты немесе жекелеген бастама ретінде қабылданса, бүгінде ол өңірдің энергетикалық теңгерімінің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Жеке және коммерциялық күн электр станцияларын орнатқан кәсіпкерлер тек өз қажеттілігін өтеп қана қоймай, артығын электр желісіне өткізу арқылы табыс табуда. Нетто-тұтыну моделі шағын бизнес үшін жаңа қаржылық мүмкіндікке айналып, өңірдің энергия тиімділігін арттыруға ықпал етуде.
Қазақстанда микрогенерацияға деген қызығушылықтың артуы таратылған энергетиканың маңызын айқын көрсетті. Бұл модельде энергия тек ірі станциялардан емес, мыңдаған шағын көздерден өндіріледі. Мұндай тәсіл электр желісіне түсетін жүктемені азайтып, сұраныс күрт артатын кезеңдерде жүйенің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Әсіресе оңтүстік өңірлерде жаз мезгіліндегі жоғары температура мен тұтыну көлемінің өсуі жағдайында бұл фактор айрықша мәнге ие.
Оңтүстікте күн энергиясының белсенді дамуына «Қазақстан Коммуналдық Жүйелері» компаниялар тобы және оның еншілес ұйымы «Оңтүстік Жарық Транзит» айтарлықтай үлес қосып отыр. Түркістан облысы мен Шымкент қаласында электр энергиясын беру және таратуға жауапты бұл компания нетто-тұтынушылар үшін техникалық және ұйымдастырушылық инфрақұрылымды қалыптастырды. Соның нәтижесінде күн панельдерін орнатқан тұтынушылар өндірген энергиясын ашық әрі нақты есеппен желіге өткізіп, тұрақты төлем алып отыр.
2025 жылғы деректер бұл бағыттағы өзгерістердің кездейсоқ емес, жүйелі сипат алғанын көрсетеді. Жыл басында «Оңтүстік Жарық Транзит» желілеріне қосылған нетто-тұтынушылар саны небәрі 22 болса, қараша айында олардың саны 78-ге жетті. Яғни он айдың ішінде бұл көрсеткіш 3,5 еседен астам өскен. Осы кезеңде орнатылған күн электр станцияларының жалпы қуаты да айтарлықтай артты: 2 750 киловаттан 7 602 киловатқа дейін ұлғайды. Бұл тек сандық өсім емес, өңірлік энергетика құрылымындағы сапалық өзгерісті білдіреді.
Өндірілген энергия көлемі де соны дәлелдейді. Егер 2024 жылы нетто-тұтынушылар шамамен 910 мың киловатт-сағат электр энергиясын өндірсе, 2025 жылдың он айында бұл көрсеткіш 3,5 миллион киловатт-сағаттан асты. Мұндай серпін өңірдің энергия қауіпсіздігін күшейтіп, электр желілеріндегі жүктемені жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр. Күн энергиясы пиковый сағаттарда қосымша қуат көзіне айналып, энергия сапасының тұрақты болуына әсер етуде.
Бұл модельдің тиімділігін қаржылық көрсеткіштер де айқын дәлелдейді. «Оңтүстік Жарық Транзит» желілерінде алғашқы күн электр станциялары іске қосылған сәттен бастап нетто-тұтынушыларға төленген қаражат көлемі 200 миллион теңгеден асты. Соның шамамен 120 миллион теңгесі тек 2025 жылдың қаңтар–қазан айларында төленген. Бұл қаражат кәсіпкерлер үшін нақты табыс көзі болып отыр. Күн электр станциялары электр энергиясына кететін шығынды азайтып қана қоймай, салынған инвестицияның қайтарымын қамтамасыз ететін құралға айналды.
Электр энергиясының бағасы өсіп, тұтыну көлемі артқан жағдайда күн генерациясы бизнес үшін операциялық шығындарды төмендетудің тиімді жолы ретінде көрініс табуда. Кәсіпкерлер энергияға тәуелділігін азайтып, қаржылық тұрақтылығын күшейтуде. Бұл әсіресе шағын және орта бизнес үшін маңызды, себебі энергия шығыны олардың жалпы шығын құрылымында елеулі орын алады.
Компания тарапынан жүргізіліп жатқан стратегиялық жаңғырту жұмыстары да бұл процестің тұрақты дамуына негіз болып отыр. Электр желілерін жаңарту, интеллектуалды есептеу жүйелерін енгізу, қосалқы станцияларды заманауи жабдықтармен жарақтандыру күн генерациясының өсіп келе жатқан көлемін қауіпсіз интеграциялауға мүмкіндік беруде. Ашық ережелер мен уақытылы төлемдер нетто-тұтынушылардың сенімін арттырып, жаңа қатысушыларды тартуда.
Күн энергиясының дамуы өңір үшін тек экономикалық емес, экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Таратылған генерация желідегі жүктемені азайтып, резервтік қуаттарға кететін шығындарды қысқартады, көміртек ізін төмендетеді және қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтады. Ең бастысы, бұл үрдіс тұтынушыны энергия өндірісінің белсенді қатысушысына айналдыратын жаңа энергетикалық мәдениетті қалыптастырып отыр.
Қазіргі даму қарқыны сақталған жағдайда, алдағы жылдары нетто-тұтынушылар саны одан әрі артып, орнатылған қуат бірнеше мегаваттқа жетуі мүмкін. Бұл микрогенерацияның болашақтың емес, бүгінгі күннің тиімді әрі нақты жұмыс істеп тұрған тетігі екенін көрсетеді. Күн энергиясы Қазақстанның оңтүстігінде шағын бизнес үшін тұрақты табыс көзіне айналып, өңірдің энергетикалық және экономикалық тұрақтылығын нығайтып отыр.

