Түркістан облысында күзгі көшет отырғызу науқаны жүйелі түрде жүзеге асырылуда

Түркістан облысында күзгі көшет отырғызу науқаны жүйелі түрде жүзеге асырылуда

Түркістан облысында елді мекендерді көгалдандыру, экологиялық жағдайды жақсарту және жасыл желек көлемін арттыру бағытындағы күзгі көшет отырғызу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл өңірде күзгі ағаш отырғызу маусымы 3 қарашада басталып, бұл жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында өтуде. Аталған мәселе облыс басшысының төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде кеңінен қаралып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен сапасына ерекше назар аударылды.

Биыл Түркістан облысы бойынша барлығы 510 750 түп көшет отырғызу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін орман шаруашылығы мекемелері тарапынан 401 475 түп көшет аудан және қала әкімдіктеріне босатылған. Ал жергілікті атқарушы органдардың күшімен көшет отырғызуға қажетті дайындық жұмыстары, атап айтқанда, шұңқыр қазу, қоршау орнату және суару жүйелерін жүргізу шамамен 70 пайызға орындалып, нақты 340 мың түп көшет жерге отырғызылған. Бұл көрсеткіш күзгі науқанның жоспарлы әрі жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Көшет отырғызу бойынша бірқатар қала мен аудандар белгіленген жоспарды толық орындаған. Атап айтқанда, Түркістан, Арыс, Кентау қалалары, сондай-ақ Сайрам, Ордабасы, Төлеби, Бәйдібек және Түлкібас аудандары көгалдандыру жұмыстарын уақытылы аяқтап отыр. Бұл аумақтарда көшеттер алдын ала дайындалған жерлерге отырғызылып, қоршау мен суару жүйелерімен толық қамтамасыз етілген. Мұндай ұйымдастыру жұмыстары көшеттердің жерсініп кетуіне және ұзақ мерзімді сақталуына мүмкіндік береді.

Аппарат мәжілісінде облыс әкімі елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын тек отырғызумен шектемей, олардың күтімін күшейтуді тапсырды. Ол салада кездесіп отырған бірқатар кемшіліктерге тоқталып, жауапты басшыларға сын-ескертпелер айтты. Әсіресе егілген көшеттерді уақытылы суару, қоршауларын қадағалау және күтім жасау мәселелеріне басымдық беру қажеттігін атап өтті. Себебі ағаш отырғызу – экологиялық жұмыстың алғашқы кезеңі ғана, ал негізгі нәтиже жүйелі күтім арқылы көрінеді.

Жиында Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болысбек Шәріпбеков баяндама жасап, көгалдандыру бағытындағы жалпы республикалық және өңірлік жоспарларға тоқталды. Оның айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес республика көлемінде бес жыл ішінде елді мекендерде 15 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспары бекітілген. Осы ауқымды бастама аясында Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандыруға 1,1 миллион көшет егу міндеті жүктелген.

Өткен жылы өңірде бұл көрсеткіш артығымен орындалып, 2,7 миллион түп көшет отырғызылған. Ал биыл аудан мен қалаларды көгалдандыру үшін 1 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарланып отыр. Оның ішінде 509 мың түп көшет көктемгі маусымда егілген. Күзгі маусымда атқарылып жатқан жұмыстар осы жоспардың жалғасы ретінде жүзеге асуда және белгіленген межеге жетуге толық мүмкіндік бар.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық аудан, қалалар мен орман шаруашылығы мекемелері арасында көшет босату және алып кету тетігі нақты жүйеленген. Әрбір аумақ бойынша жауапты тұлғалар бекітіліп, көшет отырғызу барысы арнайы жұмысшы топтардың бақылауында. Бұл топтар жұмыстардың сапасына, отырғызылған көшеттердің жағдайына және қажетті инфрақұрылымның толық орындалуына тұрақты мониторинг жүргізуде.

Көшет отырғызу науқаны аяқталғаннан кейін егілген ағаштардың сапасын анықтау, қоршаулары мен суару жүйелерінің жұмыс істеу деңгейін тексеру мақсатында қорытынды бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар орман шаруашылығы мекемелері өздеріне жақын орналасқан аудан, қалаларды жергілікті климаттық ерекшеліктеріне қарай көшеттермен қамтамасыз етуде. Жердің тұзды, сортаң немесе тас-топырақты болуына байланысты биіктігі 1,5–3 метр аралығындағы жергілікті жерге бейімделген ағаш түрлеріне басымдық берілуде.

Атап айтқанда, жапырақты ағаштардан қарағаш, шаған, айлант, ясень, қылқанды ағаштардан бозарша, арша, қарағай, сондай-ақ жеміс ағаштарынан өрік, алма, шие, шабдалы және гүлді ағаш-бұталар – бирючина, лигустра түрлері отырғызылуда. Стандарт талаптарына сай, жерсінуге бейім көшеттерді пайдалану олардың өсуіне және ұзақ мерзімді сақталуына оң әсер етеді.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында күзгі көшет отырғызу жұмыстары жоспарға сай әрі жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бастама өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға, елді мекендердің көркін арттыруға және болашақ ұрпаққа жасыл әрі қолайлы орта қалдыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...