Қанат Орынбай – Шымкент қаласындағы «ПҚОП» ЖШС-да сумен өрт сөндіру және өнеркәсіптік кәріздер учаскесінің басшысы. Ол бүгінгі таңда өндірістегі ең маңызды бағыттардың бірі саналатын еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында табанды еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Мұнай өңдеу зауыты сияқты қауіптілігі жоғары өндіріс нысандарында қауіпсіздік мәселесі бірінші орында тұратыны белгілі, ал осы бағыттағы тұрақты жүйелі жұмыс нақты жауапкершілік пен кәсіби тәртіпті талап етеді.
Қанат Анарбекұлы еңбек жолын 2018 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытында 4-санатты тауар операторы ретінде бастаған. Алғашқы күннен-ақ ол өзіне жүктелген міндеттерге немқұрайлы қарамай, әр істі талапқа сай орындауды басты қағидасына айналдырды. Өндірістік үдерістерді терең түсініп, технологиялық тәртіпті қатаң сақтауы оның кәсіби дамуына жол ашты. Уақыт өте келе жауапкершілігі, ұқыптылығы және ұйымдастырушылық қабілеті басшылық тарапынан жоғары бағаланып, учаске басшысы қызметіне тағайындалды.
Бүгінде Қанат Орынбайдың жауапкершілік аймағына жалпы ұзындығы 18 500 метрді құрайтын өртке қарсы су құбыры желілері, су қоймалары және автоматты өрт сөндіру станцияларының үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету кіреді. Бұл нысандардың әрқайсысы зауыттағы еңбек қауіпсіздігі жүйесінің ажырамас бөлігі. Кез келген ақау немесе кідіріс ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескерсек, оның күнделікті жұмысы үлкен мұқияттылық пен тәртіпті талап етеді.
Қанат Анарбекұлы үшін еңбек қауіпсіздігі – қағаз жүзіндегі талап емес, күнделікті нақты іс-әрекет. Ол учаскедегі әр қызметкердің техникалық қауіпсіздік ережелерін толық сақтауына, жабдықтардың уақтылы тексерілуіне және апаттың алдын алу шараларының жүйелі орындалуына ерекше мән береді. Оның пікірінше, қауіпсіздік мәдениеті алдымен адамның өз жауапкершілігін сезінуінен басталады.
Өз ұстанымын ол Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген нақылымен байланыстырады. Қанаттың айтуынша, өндірістегі қауіпсіздіктің басты шарты – тәртіп. Әр қызметкер өз міндетін нақты орындап, белгіленген ережеден ауытқымағанда ғана ұжымдық қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Сондықтан ол қарамағындағы мамандарға талап қоя отырып, олардың қауіпсіз еңбек етуіне жағдай жасауды да басты міндет санайды.
Қанат Орынбай – еңбегімен өскен, жауапкершілік пен тәртіпті өмірлік ұстанымына айналдырған еңбек адамы. Оның қызметі – зауыттың тұрақты жұмыс істеуіне ғана емес, онда еңбек ететін жүздеген адамның қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды сала. Осындай мамандардың табанды еңбегі арқылы өндірісте еңбек қауіпсіздігі мәдениеті қалыптасып, тұрақты әрі сенімді жұмыс жүйесі қамтамасыз етіледі.

