Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Денсаулық сақтау салалық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, оған медициналық ұйымдар мен фармацевтикалық компаниялардың өкілдері қатысты. Іс-шарада сала кәсіпкерлеріне салық заңнамасына енгізілетін жаңа талаптар түсіндіріліп, алдағы жылдары енгізілетін өзгерістер бойынша кең ауқымды ақпарат ұсынылды.
Жиынды Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жанар Алтаева ашып, денсаулық сақтау саласының аймақтағы экономикалық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Шымкент – тұрғындары жыл санап өсіп келе жатқан мегаполис. Осыған орай медициналық қызметтер мен фармацевтикалық өнімдерге сұраныс жоғары. Ал сұранысқа сай сапалы қызмет көрсетуді жалғастыру үшін кәсіпкерлерге заңнамалық талаптарды дер кезінде білу маңызды.
Отырысқа «Даму» ОҚО фармацевтикалық және медициналық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ директоры Хадиша Әлжанова, Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері, жеке медициналық орталықтар мен клиникалардың жетекшілері, сондай-ақ сала кәсіпкерлері қатысты.
Негізгі талқыланған мәселенің бірі – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер болды. Қауымдастық жетекшісі Хадиша Әлжанованың айтуынша, жаңа талаптар фармацевтикалық ұйымдардың да, медициналық мекемелердің де қаржылық және ұйымдастырушылық жұмысына тікелей әсер етеді. Сондықтан нормативтік-құқықтық актілердегі толықтырулардан хабардар болып, оларды алдын ала талдап, дайындықты бастау қажет.
Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Шоқан Омарбек өзгерістерге егжей-тегжейлі тоқталды. Ол арнаулы салық режимдеріне қатысты жаңалықтарды түсіндіріп, қазіргі таңда қолданылып жүрген 7 режимнің орнына 2026 жылдан бастап тек 3 арнаулы салық режимі қалатынын атап өтті. Бұл бизнес үдерістерін жеңілдетуге бағытталғанымен, кәсіпкерлерге салықтық жоспарлауды дұрыс жүргізуді талап етеді.
Сонымен қатар, дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге қосылған құн салығы кезең-кезеңімен енгізілмек. 2026 жылдан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 5 пайызды, ал 2027 жылдан бастап 10 пайызды құрайды. Бұл өзгеріс денсаулық сақтау саласындағы кәсіпкерлер үшін маңызды болып табылады. Себебі баға белгілеу саясатына, қызмет көрсету құнына және халықтың сатып алу қабілетіне әсер етуі мүмкін.
Жиын барысында кәсіпкерлер тарапынан сұрақтар қойылып, туындаған мәселелер бойынша мамандар нақты жауап берді. Медициналық орталықтар мен дәріхана желілері жаңа талаптардың енгізілу мерзімі, құжат жүргізу тәртібі және жеңілдетілген режимдерді қолдану шарттары жайлы қызығушылық танытты.
Сондай-ақ қатысушылар кәсіпкерлердің салық саласындағы білімін арттыру үшін қосымша оқыту және семинарлар өткізудің маңызын атап өтті. Бұл ұсынысты қолдаған Хадиша Әлжанова мемлекеттік кірістер департаментімен тығыз әрі тұрақты ақпараттық серіктестік орнатуды ұсынды.
Кеңес отырысы қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты жалғастыруға, кәсіпкерлерге заңнамалық өзгерістерді түсіндіру жұмыстарын күшейтуге және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге келісім білдірді.
Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласы бизнесінің дамуы тек медициналық қызметтің сапасына ғана емес, сонымен қатар заң талаптарын дұрыс орындауға да байланысты. Сондықтан мұндай кездесулер кәсіпкерлерге маңызды шешімдер қабылдауда нақты әрі уақтылы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

