Шымкент қаласында еңбек нарығын тұрақтандыру және тұрғындарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы мақсатта қала аумағындағы ірі сауда орындарында ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылуда. Соның бірі – «Самал» базарында өткен түсіндіру жұмыстары.
Іс-шараға базарда жүрген тұрғындар, саудагерлер және жеке кәсіпкерлер қатысты. Негізгі мақсат – халыққа жұмыспен қамтудың мемлекеттік белсенді шаралары жөнінде ақпарат беру және жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің арасында тікелей байланыс орнату.
Түсіндіру барысында қаладағы еңбек нарығы, бос жұмыс орындары және жаңа мамандықтарды игеру мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілді. Қатысушыларға қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары туралы арнайы ақпарат берілді. Бұл мемлекеттік бағдарламалар тұрғындарға жұмыс өтілін қалыптастыруға, жаңа ортаға бейімделуге және тұрақты жұмысқа орналасуға көмектеседі.
Сонымен қатар, іс-шарада өңіраралық қоныс аудару бағдарламасы жайлы толық түсіндіріліп, Солтүстік өңірлерге ерікті көшу шарттары, ұсынылатын әлеуметтік қолдаулар (тұрғын үй жалдау шығындарын субсидиялау, көшуге арналған өтемақы, жұмыспен қамту кепілдіктері) жан-жақты таныстырылды.
Тұрғындар еңбек және жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінен нақты кеңестер алып, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларға қызығушылықтың жоғары екені байқалды.
Шара нәтижесі бойынша:
• 50–80 азаматқа субсидияланатын жұмыс орындары және арнайы бағдарламалар жөнінде ақпараттық буклеттер таратылды;
• 8 азаматқа электронды еңбек биржасы — Enbek.kz мобильді қосымшасы орнатылып, жұмыссыз ретінде тіркелу, бос орындармен танысу және онлайн оқу мүмкіндіктері бойынша нұсқаулық берілді;
• 3 азамат ресми түрде жұмыс іздеуші ретінде тіркелді;
• 5 азамат тұрақты жұмысқа жолдама алды.
Мұндай шаралар – халықтың еңбекке араласуын арттыруға және әлеуметтік осал топтардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтуге үлкен көмек. Базар аумағында өткізу – тұрғындармен тікелей байланыс орнатудың тиімді тәсілі.
Жұмыспен қамту шаралары мен қолдау құралдары туралы ақпарат көпшілікке қолжетімді болуы – қазіргі таңда еңбек нарығының басты талаптарының бірі. Сол себепті «Самал» базарындағы іс-шара тұрғындар үшін пайдалы әрі нәтижелі тұрғыда ұйымдастырылды.
Алдағы уақытта осындай ақпараттық жұмыстар қаладағы басқа да сауда орталықтары мен тұрғын алаптарында өткізіліп, жұмыссыз азаматтарды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясат өз жалғасын табатын болады.

