Шымкент қаласында әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту және олардың өмір сапасын арттыру. Осы мақсатта қалада жүйелі түрде мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып, ерекше қажеттілігі бар жандардың еңбек нарығына толыққанды араласуына жағдай жасалуда.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл — олардың қоғам өміріне белсенді қатысуға деген талпынысының айқын көрінісі. Еңбекке қарсы медициналық көрсетілімі жоқ 992 мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік қолдау шараларына тартылып отыр.
Олардың ішінде:
• «Күміс жас» жобасына – 21 адам;
• қоғамдық жұмыстарға – 131 адам;
• жастар практикасына – 53 жас;
• әлеуметтік жұмыс орындарына – 11 адам;
• «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы – 3 азамат жолданған.
Бұл көрсеткіштер ерекше жандардың да кәсіби тәжірибе жинап, еңбек дағдыларын дамытуына мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан ұсынылып отырған кәсіпкерлікті қолдау шаралары да оң нәтиже көрсетуде.
Мәселен, 76 азамат қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алған. Бұл ретте тігін цехтары, шағын қызмет көрсету орындары, балаларды дамыту кабинеттері, үйде көрсетілетін қызметтер сияқты түрлі бағыттағы бизнес жобалар іске асырылуда.
Ал білімі мен дағдысын жетілдіргісі келетіндер үшін кәсіби оқыту курстары ұйымдастырылған. Қазіргі таңда 29 адам жаңа мамандықтар бойынша оқуға жіберілді.
Сондай-ақ, 394 мүгедектігі бар азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл — олардың тек әлеуметтік төлемдермен шектелмей, еңбек арқылы әлеуметтік мәртебесін нығайтуына мүмкіндік беретін маңызды қадам.
«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 274 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. Оқу барысында бизнес-жоспар дайындау, қаржы сауаттылығы және нарық талдауы сияқты дағдыларды үйренді. Бұл болашақта олардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына, жеке кәсіп ашуына және тұрақты табысқа қол жеткізуіне жол ашады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қосымша жұмыс орнын құру туралы қаулысы да нәтижесін беруде. Осы бастама аясында 52 мекеме 143 азаматты жұмыспен қамты. Бұл кәсіпорындар инклюзивті еңбек нарығын дамытуға үлес қосып, ерекше жандарға арнап арнайы жұмыс орындарын жабдықтауда.
Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту тек экономикалық емес, сонымен бірге әлеуметтік әсері зор мәселе. Еңбекке араласқан әр азаматтың өз-өзіне сенімділігі артып, қоғаммен байланысы күшейеді, отбасының да әлеуметтік ахуалы жақсарады.
Алдағы уақытта қалалық жұмыспен қамту орталығы әлеуметтік қолдау шараларын одан әрі жетілдіріп, қолжетімді жұмыс орындарының санын арттыруды көздеп отыр. Еңбекке ынтасы бар ерекше азаматтардың барлығына мүмкіндік беру – Шымкент қаласының басты міндеттерінің бірі болып қала бермек.

