Шымкентте ерекше балаларға арналған түзету-дамыту орталығы ашылды

Шымкентте ерекше балаларға арналған түзету-дамыту орталығы ашылды

Шымкент қаласында қайтарымсыз грант арқылы өз кәсібін ашқандар қатары артып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау әсіресе әлеуметтік осал топтарға үлкен мүмкіндік сыйлауда. Осындай қолдауға ие болып, кәсібін табысты бастағандардың бірі — көп балалы ана Ақмейір Қабылбек. Ол арнайы комиссия алдында бизнес-жобасын сәтті қорғап шығып, 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Биылғы көрсеткіш бойынша бұл сома 1 572 800 теңгені құрайды.

Алынған қаражатты Ақмейір Қабылбек ерекше күтімді қажет ететін балаларды дамытуға бағытталған түзету-дамыту орталығын жабдықтауға жұмсаған. Ол қажетті жабдықтардың барлығын ыждаһатпен таңдап сатып алды. Жоба аясында арнайы тренажер-велосипед, электрлі жүру жолағы, батут, татами, логопедиялық құрал-жабдықтар және балаларға арналған қауіпсіз жиһаздар орнатылды. Ал орталыққа қажетті ғимаратты кәсіпкер өз қаражаты есебінен жалға алып, жөндеу жұмыстарын реттеді. Бұл оның бизнеске деген зор жауапкершілігін көрсетеді.

Бүгінде орталықта 5 жасқа дейінгі 20 балаға түзету сабақтары жүргізілуде. Балалармен логопед, АВА-терапевт, сенсорлық интеграция маманы және адаптивті дене шынықтыру (АФК) нұсқаушысы жұмыс істейді. Әр баланың жеке даму бағдарламасы жасалып, олардың сөйлеу, танымдық және моторлық қабілеттерін қалыптастыруға бағытталған кешенді жаттығулар ұйымдастырылуда.

Ақмейір Қабылбектің айтуынша, мұндай орталықты ашу — оның көп жылдан бергі арманы. Өзінің балаларының тәрбиесінен алған тәжірибесі және аналық сезімі оны ерекше балаларға қолдау көрсетуге итермелеген. Ол мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қоғам үшін маңызды қызмет атқаруды жөн көрген.

Қалада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны жылдан жылға өсіп келеді. Сондықтан осындай орталықтардың ашылуы ата-аналар үшін де үлкен көмек. Шымкенттің әр ауданында балаларды дамытуға арналған орындардың қолжетімді болуы инклюзивті қоғам қалыптастыруға жол ашады. Бұл — тек әлеуметтік жобаның емес, адами құндылықтың айқын көрінісі.

Қайтарымсыз гранттарды үлестіру кезінде комиссия жобаның өміршеңдігіне, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, қоғамға тигізер пайдасына ерекше назар аударады. Сондай-ақ үміткердің кәсіпке қатысты тәжірибесі мен білімінің болуы да ескеріледі. Грант ақшасы мақсатсыз жұмсалмауы үшін қаржының нақты жұмсалуына тұрақты бақылау жүргізіледі. Ал берілген қаражатты үй немесе жер сатып алуға, несие өтеуге, сондай-ақ акциздік өнімдерді өндіруге пайдалануға рұқсат етілмейді.

Ақмейір Қабылбек сияқты азаматтардың табанды еңбегі — мемлекеттің қолдауы өз нәтижесін беріп жатқанын дәлелдейді. Ең бастысы — жаңа орталықта балалардың дамуына барлық жағдай жасалған, олардың болашағына сенім ұялататын мүмкіндік туып отыр. Осындай игі бастамалар Шымкент қаласының әлеуметтік бағытта тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында жалпыхалықтық талқылау нәтижесінде түскен ұсыныстар, сондай-ақ жаңа...

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова жаңа...

В ходе девятого заседания Комиссии по конституционной реформе директор Института философии, политологии и религиоведения Айгуль Садвакасова...

Ауа-райының нашарлауына, боранға, көктайғаққа, қатты желге және нөлдік көрінуге байланысты ТЖМ құтқарушылары қар құрсауынан 96 адамды, оның ішінде 9...