Қаланың әр шаңырағына жылу мен жайлылық жеткізу – тынымсыз еңбекті, табандылықты және жоғары жауапкершілікті талап ететін сала. Бұл бағытта маңдай терімен абыройлы қызмет етіп жүрген еңбек адамдарының бірі – Шымкент қаласындағы «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының №5 аудандық бөлімшесінің 5-дәрежелі слесарі Рахимбаев Зұлпықар Хұдаярарұлы. Ол – техникалық білімін тәжірибемен ұштастырып, жылу жүйесінің үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етіп жүрген тәжірибелі маман.
Зұлпықар Хұдаярарұлы 2016 жылы «Фемида» қаржылық-құқықтық колледжін экономист-бухгалтер мамандығы бойынша тәмамдады. Алайда ол кеңсеге емес, нағыз жауапты өндіріс саласына бет бұрды. Өйткені оның табиғатында еңбек етуге құштарлық, техникалық салаға деген қызығушылық басым болды. Сол ықыласы оны 2014–2015 жылдары «Жилкомхоз» ЖШС-інде слесарь қызметінен еңбек жолын бастауыға жетеледі. Бұл жылдары ол инженерлік жүйелердің қыр-сырын меңгеріп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетудің маңызын терең түсінді.
2015 жылдан бастап Зұлпықар Хұдаярарұлы «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің №5 аудандық бөлімшесінде 5-дәрежелі слесарь болып еңбек етіп келеді. Жылу желісіндегі кез келген ақау тұрғын үйлердің жылудан ажырауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан бұл жұмыста әр тиындыққа дейін мән беріліп, барлық үдеріс жоғары кәсіби деңгейде орындалуы тиіс. Зұлпықар мырза осы талаптарды орындауда әрдайым алдыңғы қатардан көрінеді.
Апат орын алған жағдайда техникалық қызметкерлерге қысқа мерзім ішінде дұрыс шешім қабылдау, істен шыққан құбыр немесе жабдықты қалпына келтіру – ең маңызды міндет. Зұлпықар Хұдаярарұлы өзінің жинаған тәжірибесі мен ұқыптылығы арқасында мұндай қиындықтардан сәтті шығып келеді. Әріптестері оны салмақты мінезі, байсалды шешім қабылдауы және кәсіби білімі үшін құрметтейді. Жас мамандар үшін шеберлік сабағы да, үлгі-өнеге де осы кісі.
Қыстың қақаған аязында халық жылы үйінде отырып, сырттағы тірлікті көп ойламайды. Дегенмен, жылу орталықтарында тәулігіне 24 сағат тоқтаусыз жұмыс жүріп жатады. Сол үздіксіз қызметтің артында Зұлпықар Хұдаярарұлы сынды еңбек адамдарының маңдай тері тұр. Қала тұрғындары жылу жүйесінің бір сәтке де тоқтамауын, балаларының тоңбауын, қарттардың аман болуын қалайтын болса – бұл олардың ерен еңбегінің арқасы.
Зұлпықар мырза отбасында да жауапкершілікті бірінші орынға қоятын азамат. Үйінде адалдық, еңбекқорлық, тәртіп сынды қасиеттерді бағалайды. Өмірлік тәжірибесі арқылы балаларына да жақсы үлгі көрсетіп келеді.
Адал еңбек – адамды абыройға жетелейді. Бұл қағиданы дәлелдеп жүрген азаматтардың бірі – Зұлпықар Рахимбаев Хұдаярарұлы. Оның тұрақтылығы, еңбекқорлығы, кәсіби шеберлігі мен табандылығы – ел дамуының іргетасын қалаушы күштердің бірі.
Еңбегі ел игілігіне жарай берсін! Абыройы асқақ, мерейі үстем болсын!

