Шымкент қаласында 2025 жылдың 18 қарашасында қала әкімінің тапсырмасымен және «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ұйымдастырылған маңызды іс-шаралардың бірі – «Еңбек – өмірдің тұтқасы» атты қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Қала тұрғындарының еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жәрмеңке «Көрме» орталығында өтті. Іс-шараға қатысқан жүздеген тұрғындар өздері үшін жаңа жұмыс бағытын ашуға мүмкіндік алды.
Жәрмеңкеге 100-ден астам жұмыс беруші қатысты. Бұл – қаладағы өндіріс, қызмет көрсету, құрылыс, көлік және коммуналдық сектор кәсіпорындары. Жұмыс берушілер түрлі мамандықтар бойынша тұрақты және уақытша жұмыс орындарын ұсынды. Осылайша, жәрмеңке тек қана жұмыс іздеушілерге емес, кадр тапшылығын сезініп отырған кәсіпорындарға да тиімді алаңға айналды.
Бүгінгі еңбек нарығында бәсекелестік жоғары болғандықтан, жұмыс іздеушілер үшін мұндай жәрмеңкелердің маңызы зор. Жәрмеңке нәтижесінде 105 азамат жұмысқа жолдама алды, олардың ішінде:
• 86 тұрғын — тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды;
• 19 адам — субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Бұған «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» және «Қоғамдық жұмыс» жобалары кіреді.
Бұл көрсеткіш — жәрмеңкенің басты мақсатын толық орындағанын айғақтайды.
Жәрмеңкенің тағы бір ерекшелігі — әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ерекше қолдау көрсету. Шараға пробация қызметінде тіркеуде тұрғандар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар, мүмкіндігі шектеулі жандар және қиын өмірлік жағдайға тап болған тұрғындар қатысты. Олар жұмыс берушілермен тікелей тілдесіп, кәсіби бейімделу бойынша кеңес алды.
Жәрмеңкеде тек жұмысқа орналасу ғана емес, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау да назарда болды. Биыл 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз грант алған 60-қа жуық жас кәсіпкер өз өнімдерін таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті. Бұл — шағын бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтуға үлкен серпін береді.
Сонымен бірге тұрғындарға enbek.kz порталы арқылы тіркелу, ерікті қоныс аудару бағдарламасы, кәсіптік оқыту курстарына жазылу мүмкіндігі ұсынылды:
• 60 адам — enbek.kz порталы арқылы «жұмыс іздеуші» ретінде тіркелді;
• 56 адам — Солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару жөнінде кеңес алды;
• 12 адам — тегін кәсіптік оқыту курстарына жазылды;
• 32 адам — жаңа бизнес-идеяларға арналған грантқа өтініш беруге ниет білдірді.
«Еңбек – өмірдің тұтқасы» жәрмеңкесі — тек жұмыс табуға арналған шара ғана емес, жастарға, жаңа бастамаға қадам басып жүрген кәсіпкерлерге, әлеуметтік топ өкілдеріне сенім мен мүмкіндік сыйлаған алаң болды.
Алдағы уақытта Шымкент қаласында мұндай еңбек жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізіліп, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына жан-жақты қолдау көрсетілмек. Мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдалану — әр азаматтың болашағын айқындайтын қадам.

