Ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды

Ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды

Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетілді. Қалалық әкімдік ғимаратында өткен салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров арнайы қатысып, үздік қызметкерлерді марапаттады. Сондай-ақ жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары А.Кәрімов, әкімдік өкілдері, агросектор басшылары мен еңбек озаттары қатысты.

Министр өз сөзінде ауыл шаруашылығы – тек экономикалық сала ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды бағыт екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет әрдайым ауыл еңбеккерлерінің маңдай терін бағалап, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық береді.

— Мемлекет басшысы ел дамуына үлес қосып жүрген әрбір азаматтың еңбегін жоғары бағалайды. Президенттің тапсырмасымен мемлекеттік наградалар жүйесіне «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атақ енгізілді. Бұл — еңбек адамдарына деген шынайы құрметтің белгісі. Биыл ауыл шаруашылығы саласы үшін табысты жыл болды. Шымкент мегаполис болғанымен, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына қомақты үлес қосып отыр, — деді А.Сапаров марапаттау барысында.

Салтанатты шарада «Шымкент құс» ЖШС-нің бас директоры Әбдімәжит Досболовқа «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы табысталды. Бұл награда — қаладағы құс шаруашылығының дамуына қосқан зор үлесінің айғағы. Сонымен қатар, кәсіби мерекеге орай тағы үш азаматқа мемлекеттік наградалар тапсырылды. Олар агросектордағы табанды еңбектері, ауыл шаруашылығын жаңғыртуға қосқан үлестері үшін марапатталды.

Бірқатар агробизнес өкілі Премьер-министр мен Ауыл шаруашылығы министрінің Алғыс хаттарына ие болды. Бұл марапат иегерлері — аграрлық саладағы жаңа технологияларды енгізіп, өнім көлемін арттыруға және халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге атсалысып жүрген мамандар.

Министр өз сөзінде ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары жалғасатынын жеткізді. Бүгінде субсидиялау жүйесі жетілдіріліп, фермерлерге қолжетімді несие және инфрақұрылымдық қолдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аграрлық салаға инвестиция тарту — негізгі басымдықтардың бірі.

Әсіресе мал шаруашылығын дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта Шымкентте бірнеше инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, ет және сүт өнімдерінің өндірісі арттыру көзделген. Мал бордақылау алаңдары кеңейтіліп, жаңа фермалар салынуда. Сондай-ақ ветеринариялық қауіпсіздік шаралары мен мал азығын өндіру көлемі ұлғайып келеді.

Жиында еңбек озаттары жас мамандарға үлгі болу керектігіне тоқталып, аграрлық саланың болашағы талантты және жаңашыл жастардың қолында екені айтылды. Саланың беделін арттырып, еңбегі бағаланатын орта қалыптастыру — ортақ міндет.

Марапаттау рәсімінен соң шараға қатысушылар ауыл шаруашылығын цифрландыру, өнім сапасын жақсарту және экспортты арттыру бағытында пікір алмасты.

Бұл іс-шара — ауыл еңбеккерлерінің маңдай терін қадірлеу мен олардың қоғамдағы рөлін ұлықтаудың жарқын көрінісі. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикасының тұрақтылығы дәл осындай еңбек адамдарының қажырлы жұмысының арқасында қамтамасыз етіледі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...