Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті — Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі білім беру мен ғылымның жетекші оқу орны. Университет мұғалімдер даярлайтын “ұстаздар ұстаханасы” ретінде қызмет етіп келе жатқанына 90 жылға жуықтады. Қазіргі кезде шамамен 40-тан астам бакалавр, 22 магистратура, және 13 докторантура білім беру бағдарламалары іске қосылған.
Университет — педагогикалық білім беру саласында ғана емес, ғылыми-зерттеу және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар бойынша да мамандар даярлап келеді.
Қазіргі цифрландыру дәуірінде университет заманға сай инновациялық білім мен ғылымды дамытуға бағытталған білім беру технологияларын енгізуде. Соған байланысты ZHANIBEKOV UNIVERSITY әлемдік QS Asia University Rankings-2026 нәтижесі бойынша Азия университеттері арасында 1301–1400 орын және Орталық Азия бойынша ТОП-100 қатарына еніп, 71-орынды иеленді.
Аталмыш көрсеткішті 4 қарашада британдық QS Quacquarelli Symonds рейтинг агенттігі QS Asia University Rankings 2026 нәтижесінде жариялады. Бұл рейтингке 1500-ден астам жоғары оқу орны қатысқан болатын. ZHANIBEKOV UNIVERSITY осы жылы жаңа қатысушы (New Entrant) ретінде тіркеліп, халықаралық академиялық қауымдастықта өз орнын иеленді.
Бүгінде елімізде инклюзивті білім беруді дамыту – стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатқа үлес қосып, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істей алатын кәсіби мамандар даярлауда Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Арнайы педагогика кафедрасының орны бөлек.
Бұл кафедраны білікті маман, педагогика ғылымдарының кандидаты А.М. Нурбекова басқарады. Құрамында тәжірибесі мол 15 оқытушы-профессорлар құрамы жұмыс жасап, студенттердің сапалы білім алуына бағытталған кәсіби қызмет атқаруда.
“6В01901 – Арнайы педагогика” білім беру бағдарламасының мақсаты – ерекше білім алушылардың даму ерекшеліктерін ескеретін, түзету-дамыту жұмыстарын кәсіби деңгейде жүзеге асыра алатын педагог мамандарды даярлау.
Кафедра ерекше білім беруді қажет ететін балалардың психофизикалық даму ерекшеліктерін ескеріп, оларға түзету-дамыту көмегін көрсете алатын, білім беру процесін ұйымдастыруға қабілетті жоғары білікті арнайы педагог мамандарын даярлайды.
Бүгінгі таңда қоғамда ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны жыл сайын артып келеді. Бұл әлемдік тенденция ғана емес, Қазақстандағы білім беру жүйесінің өзекті мәселелерінің бірі. Осындай балалардың әрқайсысы сапалы білім алуға, әлеуметтенуге және қоғамда өз орнын табуға құқылы. Қазақстанда инклюзивті білім беру қарқынды дамып жатыр. Жалпы мектептерде инклюзивті сыныптар көбейіп, арнайы қолдау қажет балалар саны артты. Оларға кәсіби педагогикалық көмек көрсететін мамандар қажет.
ПМПК, оңалту орталықтары, логопедиялық кабинеттер саны артып келеді. Маман тапшылығы — негізгі проблемалардың бірі. Баланың дамуындағы ауытқуды ерте анықтап, уақтылы түзетсе, оның болашақтағы әлеуеті жоғары болады. Арнайы педагог — осы ерте қолдаудың басты маманы. Сондықтан арнайы педагогтерге деген сұраныс күннен-күнге өсуде.
“6В01901 – Арнайы педагогика” білім беру бағдарламасының студенттері логопедия, сурдопедагогика, алигофренопедагогика, инклюзивті білім, психологиялық-педагогикалық қолдау, коррекциялық әдістемелер бағыты бойынша терең білім алып, арнайы білім беру ұйымдарында, түзету-дамыту орталықтарында, инклюзивті сыныптарда практикалық тәжірибеден өтеді.
Арнайы педагогика білім беру бағдарламасының студенттері әлемдік білім беру үдерісіне белсенді қатысуда. Бүгінде олар алыс және жақын шетелдердегі жетекші оқу орындарында сұранысқа ие академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алуда. Атап айтқанда: Чехия, Англия, Польша, Түркия, Әзірбайжан елдерінің жоғары оқу орындарымен келісім-шарт арқылы біілім және тәжірибе алмасуда. Бұл болашақ мамандардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, халықаралық тәжірибені меңгеруіне зор мүмкіндік береді.
Аталған білім беру бағдарламасы тек бакалавр даярлаумен шектелмейді. Университет қабырғасында магистратура да бар. Бұл өз білімін жетілдіріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастырамын деген студенттерге үлкен жол ашады.
Кафедра оқытушылары ғылыми бағыттағы жобалар жүргізіп, республикалық және халықаралық деңгейде ғылыми еңбектер жариялауда. Студенттер ғылыми үйірмелер арқылы тәжірибесін шыңдап, кәсіби біліктілігін арттыру үстінде.
Арнайы педагог мамандарын даярлау – қоғамдағы әлеуметтік теңдік пен баршаға қолжетімді білім идеясын жүзеге асырудың маңызды қадамы. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Арнайы педагогика кафедрасы осы жауапты міндетті жоғары деңгейде атқаруды жалғастыра береді.
Акилбаева Г.И. - Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті Арнайы педагогика кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к.

