Қызылордада облыс әкімдігі мен облыстық прокуратураның бірлесуімен «Бизнесті қорғау – негізгі басымдық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға облыс прокуроры Ризабек Ожаров, облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ кәсіпкерлер қатысты.
Кездесуде облыс прокуроры бизнеске қолдау көрсету және инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, прокуратура инвестициялық жобаларға кедергі келтіретін бюрократиялық тосқауылдарды жоюға күш салып, 35 инвесторға қатысты 46 мәселені шешкен. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың шешімдері мен шектеулеріне талдау жасайтын «Прокурорлық сүзгі» жобасы жұмысын жалғастыруда.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мөлдір Тәуіпбаева аймақта жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 90 инвестициялық жобаның жүзеге асырылып жатқанын айтты. Биыл жоспарланған 27 жобаның 11-і іске қосылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жобаларды бақылау үшін өңірлік инвестициялық штаб жұмыс істеп жатыр.
«Kazakh Invest» ҰК» АҚ өңірлік директоры Мұрат Балабаев инвесторларға кедендік, салықтық және жер гранттары түріндегі жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар инвестиция тарту мен мониторинг жүргізуді жеңілдететін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа таныстырылды.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өндірістік процестерде туындайтын мәселелерін айтып, ұсыныстарын білдірді. «СНСПС–Айдан–мұнай» және «Орда Гласс ЛТД» компанияларының өкілдері көтерген мәселелер бойынша тиісті органдарға тапсырмалар берілді. Сонымен бірге шағын және орта бизнесті қолдауды арттыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

