Өнер – халықтың рухани тірегі, ұлттық болмыстың айнасы. Осы қасиетті саланы өмірлік жолына айналдырып, таланты мен еңбегінің арқасында көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген өнер иелерінің бірі – Биназарова Ақмарал Әлібекқызы. Ол Шымкент қаласындағы «Шымкент концерт» концерттік ұйымының әншісі ретінде қазақ өнерін насихаттап, ел мәртебесін биіктетіп келеді.
Ақмарал Әлібекқызы 1978 жылдың 27 қыркүйегінде Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының Шаян ауылында дүниеге келген. 1985–1995 жылдары Шаян орта мектебінде білім алып, жасынан ән өнеріне қызығушылық танытты. Оның табиғи дарыны мектеп қабырғасынан-ақ байқалып, түрлі мәдени шараларға белсенді қатысып жүрді.
Еңбек жолын 1998 жылы Бәйдібек аудандық мәдениет үйінде іс жүргізуші болып бастады. Қызметін атқара жүріп, өнерден қол үзбей, сүйемелдеуші және әртіс ретінде тәжірибе жинақтады. 2000 жылы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Ән айту» мамандығын тәмамдауы оның кәсіби өнер жолына түсуіне жол ашты.
Жас өнерпаздың талантын көпшілік 2000 жылдары «Гүлдәурен» қыздар ансамблі арқылы таныды. Топ құрамында өнер көрсеткен Ақмарал тыңдарманның ыстық ықыласына бөленіп, сахна мәдениеті мен орындаушылық шеберлігін жетілдіре түсті. 2005 жылы облыстық «Шаянға барсаң, әншімін деме» байқауында бас жүлдені иеленсе, 2007 жылы «Күміс көмей» байқауында да «Гүлдәурен» тобы құрамында бас жүлдеге қол жеткізді.
2008 жылы әнші өзінің жеке шығармашылығын көпшілікке паш етіп, «Ғашық сыры» атты есеп беру концертін өткізді. Сол жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Самұрық» фольклорлық ансамблінде әнші болып қызмет атқарып, ұлттық өнердің дамуына үлес қосты. 2008–2010 жылдары Мәскеу қаласында қазақтың дәстүрлі ән өнерін насихаттау мақсатында өнер көрсетіп, шетелдік көрерменнің де ықыласына бөленді.
2011 жылы облыстық «Ғасырлар үні» фольклорлық ансамбльдер байқауында І орын иеленуі оның кәсіби деңгейінің жоғары екенін дәлелдеді. Сол жылы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияға эстрада әртісі болып қабылданып, шығармашылық жолын жалғастырды. Бүгінде ол ҚР мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы құрамындағы «Шымкент концерт» ұйымының әншісі ретінде еңбек етуде.
Ақмарал Биназарова халықаралық мәдени шараларда да ел намысын абыроймен қорғап жүр. 2015 жылы Австрия мен Тәжікстанда, 2016 жылы Өзбекстанда, 2017 жылы Түркияның Анкара қаласында, 2022 жылы Италияда, 2025 жылы Испанияда өткен іс-шараларда қазақ өнерін танытып, ұлттық әнді халықаралық деңгейде насихаттады.
Әншінің репертуарында халық арасында кеңінен тараған «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Ахау, сабаз», «Боз бала», «Дедімай-ау», «Қалқа бала» секілді әндер бар. Сонымен қатар, «Еркем сұлу», «Лайықтымсың», «Құрдасым» сияқты авторлық әндері тыңдарманның ерекше қошеметіне бөленген.
2018 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы – оның өнер жолындағы табанды еңбегінің лайықты бағасы.
Ақмарал Биназарова – ұлттық мәдениетті насихаттап, өнер арқылы ел руханиятын байытып жүрген шығармашылық тұлға. Оның еңбегі мен таланты жас ұрпаққа үлгі болып, қазақ ән өнерінің дамуына серпін беруде.

