Өз ісінің майталман маманы – су жүйесінің сенімді операторы

Өз ісінің майталман маманы – су жүйесінің сенімді операторы

Шағырбаев Мұрат Қадырбекұлы – еңбек жолын адалдықпен, табандылықпен және үздіксіз еңбектегі тұрақтылықпен өрнектеген тәжірибелі маман. Ол 1963 жылдың 11 наурызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы (бұрынғы Алғабас), Шалдар совхозының Сарқырама ауылында дүниеге келген. Бала кезінен еңбекке жақын болып, жауапкершілікті жоғарғы орынға қойған азаматтың өмір жолы – бүгінгі жас буын үшін үлкен өнеге.

1970 жылы Сарқырама сегізжылдық мектебіне барып, 1978 жылы 8-сыныпты аяқтады. Сол жылы Шымкент қаласындағы №32 кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, мамандық алуға бағытталған алғашқы қадамын жасады. Кейін Алматы қаласында сварщик мамандығы бойынша білімін жалғастырып, қолөнер мен өндірістік техниканы терең меңгерді. 1980 жылы АДК комбинатында алғашқы еңбек жолын бастап, тәжірибе жинақтай бастады.

1982–1984 жылдары Псков облысы, Струги-Красные әскери қалашығында әскери борышын өтеді. Әскердегі тәртіп пен жауапкершілік оны өмірлік ұстамдылыққа тәрбиелеп, еңбекке деген көзқарасын нығайтты. Елге оралған соң, кәсіби жолын жалғастырып, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға шешім қабылдады.

1988 жылдың 22 қаңтарынан бастап «Водоканал» мекемесіне орталық диспетчерлік қызметке, авариялық бригадаға сварщик болып жұмысқа кірді. Сол уақыттан бері, яғни 37 жыл бойы бір мекемеде табанды еңбек етіп келеді. Бұл – тек еңбек өтілі ғана емес, мекемеге деген адалдық пен тұрақтылықтың айқын көрінісі. Оның кәсіби жолындағы басты бағасы – сенім. Әріптестері оның кез келген күрделі техникалық мәселені шешудегі шеберлігіне, сабырлы мінезіне және жұмысқа деген тиянақтылығына жоғары баға береді.

Қазіргі таңда Мұрат Қадырбекұлы Шымкент қаласында су сорғы станциясының 20 жылдық тәжірибесі бар операторы ретінде абыройлы қызмет атқарып жүр. Су жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі – қала тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды міндет. Ол тәуліктің кез келген уақытында орын алатын ақауларға дер кезінде әрекет етіп, жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге үлес қосуда.

Жұмыс барысында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, жас мамандарға өз тәжірибесін бөлісуден жалықпайды. Оның кәсіби кеңестері мен практикалық білімдері көптеген қызметкерлердің біліктілігін арттыруға ықпал етіп келеді. Мұрат Қадырбекұлы үшін еңбек – тек міндет емес, өмірлік ұстаным.

Отбасында да өнегелі жан. 2000 жылы Дауырбаева Матлубамен некеге отырып, екі қыз тәрбиелеп келеді. Бұрынғы отбасынан бір ұл және бір қызы бар. Балаларына ең басты құндылық ретінде адалдық пен еңбекқорлықты үлгі етеді.

Шағырбаев Мұрат Қадырбекұлының өмір жолы – тұрақтылықтың, кәсібіне деген адалдықтың және еңбектің қадірін түсінудің жарқын үлгісі. Осындай тәжірибелі мамандардың еңбегі қаланың су жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, тұрғындардың күнделікті тұрмысында маңызды рөл атқарады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...