Шымкентте жастардың еңбекке алғашқы қадамы мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асуда

Шымкентте жастардың еңбекке алғашқы қадамы мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асуда

Шымкент қаласында жас мамандардың кәсіби жолын бастауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар тиімді нәтижесін көрсетіп келеді. Бүгінде мегаполисте мыңдаған жас мамандар алғашқы еңбек тәжірибесін жинап, жұмыс дағдыларын қалыптастыруда. Олардың қатарында биыл Шымкент политехникалық колледжін «тоқушы-оператор» мамандығы бойынша тәмамдаған Малика Мұсаходжаева да бар. Оқу орнын аяқтағаннан кейін ол http://enbek.kz/ электронды еңбек биржасына жұмыссыз ретінде тіркеліп, көп ұзамай «Назар Текстиль» кілем фабрикасынан жұмыс ұсынысын алды. Қазіргі таңда Малика «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында кәсіпорында зат белгі операторы болып еңбек етуде.

Малика үшін жаңа жұмыс орны тек тәжірибе алаңы ғана емес, кәсіби тағдырын қалыптастыратын маңызды кезеңге айналуда. Ол фабрикадағы еңбек тәртібіне тез бейімделіп, жаңа дағдыларды меңгеріп жатыр.

– Фабрикада мен сияқты жастар көп екен, сондықтан күн сайынғы жұмысымыз көңілді өтеді. Бағдарлама арқылы тәжірибе жинап қана қоймай, еңбегіме жалақы да аламын. Практика мерзімі аяқталған соң осы жерде тұрақты жұмыста қалуды жоспарлап отырмын, – дейді Малика.

«Жастар практикасы» бағдарламасының басты мақсаты – жас түлектерді жұмысқа орналастыруға жағдай жасау, еңбек нарығына бейімдеу және кәсіби тәжірибе жинауға мүмкіндік беру. Бұл бастама жұмыс берушілер үшін де тиімді, себебі олар жас мамандардың қабілетін байқап, өз кәсіпорындарына білікті кадр ретінде қабылдай алады.

Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Мысалы, «Жастар практикасы» жобасына 1 682 жас маман қатысуда, ал «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы аясында 352 жас түрлі мемлекеттік және өнеркәсіптік кәсіпорындарда еңбек етіп жүр. Бұл көрсеткіштер Шымкенттің еңбек нарығында жас буынның белсенділігін арттырып, кәсіби кадрлар дайындауда маңызды рөл атқарып отырғанын дәлелдейді.

Қаладағы кәсіпорындар да жастардың еңбекке араласуына қолдау көрсетіп, тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүдделі. «Назар Текстиль» фабрикасы сияқты өндіріс орындары жас мамандарды оқытуға, тәжірибе беруге және кәсіптік дағдыларын дамытуға жағдай жасап келеді. Мұндай қолдау еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандардың қалыптасуына ықпал етеді.

Сонымен бірге жастармен жүргізілетін түсіндіру жұмыстары, кәсіптік бағдар беру іс-шаралары, еңбек жәрмеңкелері олардың өз әлеуетін дұрыс бағытта дамытуына көмектеседі. Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жүргізілуде, нәтижесінде көптеген жас тұрақты табыс көзін тауып, қоғамның белсенді мүшесіне айналуда.

Жастардың еңбекке араласуы – елдің экономикалық дамуы мен болашағына қосылған үлес. Осындай мемлекеттік бағдарламалар арқылы Шымкентте жаңа буын кәсіби мамандар қалыптасып, қаланың өндірістік және әлеуметтік салаларын дамытуға ықпал етіп келеді. Жастарға берілген мүмкіндік олардың өмірлік жолын айқындап қана қоймай, еңбекке деген қызығушылығын арттырып, өз әлеуетін жүзеге асыруына жол ашуда.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...