Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған шаралар күшейтілді

Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған шаралар күшейтілді

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және отандық өндірушілерді қолдау — Алматы үшін стратегиялық бағыттардың бірі. Осы мақсатта қала әкімі Дархан Сатыбалды «Қазақфильм» шағынауданында өтетін демалыс күнгі жәрмеңкеге және «Magnum Cash & Carry» сауда желісінің супермаркетіне барып, олардың жұмысымен танысты. Сапар барысында әкім халыққа қолжетімді азық-түлік ұсыну және фермерлерді жүйелі қолдау бағытындағы шаралардың жалғасатынын атап өтті.

Демалыс күнгі жәрмеңке қала тұрғындары үшін тиімді сауда алаңына айналған. Әр сенбі және жексенбі күндері сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейтін жәрмеңкеде 96 сауда орны қызмет көрсетеді. Мұнда Еңбекшіқазақ, Қарасай және Іле аудандарынан келген шаруалар мен фермерлік қожалықтар өз өнімдерін тікелей ұсынады. Делдалсыз сауда жасау тұрғындар үшін төмен бағаларды қамтамасыз етсе, фермерлерге өз өнімі үшін тұрақты нарық қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жәрмеңкеге барған кезде қала әкімі отандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолдау көрсетудің басым бағыттардың бірі екенін айтты. «Біздің міндет — тұрғындарды қолжетімді әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ фермерлерге барынша тиімді жағдай жасау», — деді Дархан Сатыбалды жәрмеңке қатысушыларына. Кездесу барысында кейбір кәсіпкерлер жәрмеңке жұмысының тұрақтылығына қатысты алаңдаушылық білдірді. Бұл мәселеге қатысты әкім жәрмеңкені заманауи форматқа көшіру бойынша жұмыс жүріп жатқанын жеткізді. Жаңғырту шараларының басты мақсаты — қызмет көрсету сапасын арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру және өнімді тек тікелей өндірушілер арқылы өткізу.

Жәрмеңкеден кейін әкім «Magnum Cash & Carry» сауда желісінің Алматыдағы жағдайымен танысты. «Magnum» — қаланың ең ірі бөлшек сауда желісі. Алматыда жалпы аумағы 180 мың шаршы метрден асатын 80 дүкен жұмыс істейді. Сауда желісінде 5,2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған, ал оның қызметін күн сайын 1,5 миллионнан астам алматылық пайдаланады.

«Magnum Cash & Carry» 2019 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағдарламасына белсенді түрде атсалысып келеді. Осы уақыт ішінде компания төмендетілген бағамен 100 мың тоннадан астам өнім өткізген. Бүгінде 10,4 мың тонна көкөніс сатып алу және өткізу бойынша форвардтық келісім күшінде, сондай-ақ 11 түрлі тауардың бағасын ұстап тұруға бағытталған айналым қарызы туралы келісім жұмыс істеп тұр.

2025 жылдың басынан бері осы бағдарлама нәтижесінде еліміз бойынша тұтынушылар 1,5 миллиард теңгеден астам қаражат үнемдеді. Бұл — әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету, нарықтағы баға тұрақтылығын сақтау және тұрғындардың күнделікті шығынын азайту бағытындағы тиімді механизмдердің бірі.

Алматы әкімдігі алдағы уақытта да фермерлерге, әлеуметтік маңызы бар өнім өндірушілеріне және сауда желілеріне қолдау көрсету шараларын жалғастырмақ. Қала үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бағаны тұрақтандыру және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын нығайту басты басымдықтардың қатарында қалып отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ата Заңның жаңа мәтініндегі жаңа ұстанымдар мен нормалар басқа елдерге үлгі де бағдар да болатын жаңашылдықтар. Бұл туралы Конституциялық реформа...

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Starlink өкілдерімен елімізде спутниктік технологияларды...

Ақтау гарнизонында теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген матрос Бақдәулет Күздібаев әскери...