Түркістан: Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы экономикалық әріптестік жаңа деңгейге шықты

Түркістан: Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы экономикалық әріптестік жаңа деңгейге шықты

Түркістан облысына Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи бастаған делегация келіп, өңір басшылығымен екіжақты кездесу өткізді. Сапардың негізгі мақсаты — Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы достық қатынастарды нығайту, экономикалық және мәдени байланыстарды кеңейту, сондай-ақ Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуетімен танысу болды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Ауғанстанның Өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи арасындағы кездесу барысында ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, логистика және туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Облыс басшысы Түркістанның географиялық орналасуы мен логистикалық әлеуеті Ауғанстанмен өзара тиімді серіктестікті дамытуға қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті.

— Қазақстан мен Ауғанстанды ғасырлар бойы тарихи және мәдени байланыстар біріктіреді. Түркістан — тек еліміздің емес, күллі түркі әлемінің рухани орталығы. Біз өзара тиімді серіктестікті дамытуға, нақты жобаларды іске асыру арқылы екі ел экономикасын нығайтуға мүдделіміз, — деді Нұралхан Көшеров кездесу барысында.

Өз кезегінде Нуриддин Азизи Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы дәстүрлі достық қатынастардың ерекше маңызын атап өтіп, Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне қызығушылық білдірді. Ол өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру және азық-түлік саласындағы әлеуетін жоғары бағалады.

Кездесу соңында тараптар инвестициялық әріптестікті нығайту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаласты.

Ауғанстан Қазақстанның маңызды сауда серіктестерінің бірі саналады. Екі ел арасындағы сауда айналымы жыл сайын артып келеді. Биылғы жылдың сегіз айында екіжақты сауда көлемі 278 млн АҚШ долларын құрады, оның 6,2 пайызы Түркістан облысының үлесінде. Экспорттың негізгі бағыттары — бидай, ұн, құрылыс материалдары, азық-түлік, металл және мұнай өнімдері.

Түркістан облысында инвесторлар үшін қолайлы бизнес ортасы қалыптасқан. 1400 гектар аумақты қамтитын арнайы экономикалық аймақ және 2400 гектар жерді қамтитын 20 индустриалды аймақ бар. Бұл аймақтар толық инфрақұрылыммен қамтылған және шетелдік кәсіпкерлерге салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады. Қазіргі таңда Ауғанстанның «Талифа» компаниясы осы мүмкіндіктерді пайдаланып, өңірде кептірілген жемістер мен көкөністерді өңдеу зауыты жобасын іске асыруда.

Осы сапар аясында Ауғанстандық делегация Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбековпен кездесіп, өңірдің мәдени-экономикалық дамуымен танысты. Инвесторлар алдымен Түркістан қаласындағы тарихи және мәдени нысандар — «Ұлы Дала Елі» орталығы, Қожа Ахмет Ясауи музейі мен «Керуен сарай» туристік кешенін аралап, қаланың заманауи келбеті мен туристік әлеуетіне жоғары баға берді.

Кездесу әрі қарай Сауран ауданындағы «Шағын өнеркәсіптік паркінде» жалғасты. Мұнда инвесторлар аймақтың өндірістік инфрақұрылымын көріп, кәсіпорындардың жұмыс барысымен танысты. Делегация мүшелері «UBS» халықаралық тоңазытқыш шығаратын зауыты мен жиһаз өндіретін «Aqniet Holding» кәсіпорнының өндірісін аралап, жергілікті кәсіпкерлермен пікір алмасты.

Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков шетелдік қонақтарға өңірдің өндірістік және экономикалық әлеуетін таныстырып, инвесторларға қолдау көрсету бағытындағы мемлекеттік саясат жайлы айтты. Ол Түркістан облысында инвестициялық жобалар үшін қажетті инфрақұрылымның бар екенін және әкімдік тарапынан барлық жағдай жасалатынын жеткізді.

Ауғанстандық инвесторлар Түркістан өңірінің мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп, болашақта бірлескен кәсіпорындар ашуға ниет білдірді. Олар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдарын шығару және жеңіл өнеркәсіп бағыттарында ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты.

Кездесу қорытындысында тараптар өзара тиімді серіктестікті жалғастыруға және нақты инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға уағдаласты. Бұл – екі ел арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды жаңа деңгейге көтерудің нақты қадамы болып табылады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ