Түркістан облысында жылыту маусымына және ауыл шаруашылығы, экология, табиғи ресурстар мен инфрақұрылым салаларына қатысты маңызды бағыттардың орындалуы кеңінен талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен кеңесте тиісті басқармалар мен мекемелердің өкілдері есеп беріп, берілген тапсырмалардың орындалу барысын саралады.
Жиында бірінші кезекте жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды. Биылғы жылы облыс бойынша жылыжайлар үшін 273 мың тоннадан астам көмір алу жоспарланған. Былтырғы маусымда өңірдегі жылыжайлар шамамен 250 мың тонна қатты отын тұтынған болатын. Қазіргі уақытта көмір таратушы операторлардың қоймаларында 84,6 мың тонна қатты отын қоры бар. Маусымаралық кезеңдегі отын тұтыну кестесі де нақтыланып, ауыл шаруашылығы нысандарын көмірмен үздіксіз қамтамасыз ету шаралары қарастырылды. Сонымен бірге, биыл «Фермерлік жылыжайларға қойылатын жалпы техникалық талаптар» атты мемлекеттік стандарт қабылданып, қазіргі таңда облыстағы 801 жылыжай сертификаттаудан өткен.
Кеңесте суармалы жүйелерді реттеу және құжаттандыру жұмыстары да қаралды. «Тұран су» мекемесі жалпы ұзындығы 1063 шақырымнан асатын 71 каналдың құжаттарын рәсімдеумен айналысуда. Шардара ауданында 425 шақырымнан астам қашыртқының құжаты толық дайындалған болса, Сауран ауданында 91 шақырымға жуық канал мемлекеттік тіркеуге жолданған. Ал Ордабасы, Бәйдібек аудандары мен Арыс қаласында бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Бұл шаралар су ресурстарын тиімді пайдаланып, егістік жерлерді суарудағы шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Облыста ветеринария саласын цифрландыру бағытында да жаңа технологиялар енгізілуде. Жасанды интеллект жүйесі арқылы мал денсаулығын бақылау және жұқпалы аурулардың алдын алу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар өңірдің бірнеше ауданында ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту бойынша нақты нәтижелер бар. Мақтаарал, Ордабасы, Бәйдібек, Сауран, Созақ және Түлкібас аудандарында 8 жаңа мал қорымы салынды. Сондай-ақ Келес, Арыс, Қазығұрт, Сарыағаш, Сауран және Созақ аудандарында ұсақ малды шомылдыруға арналған жасанды су қоймалары пайдалануға берілді. Бұл нысандар мал басын жұқпалы аурулардан қорғауға және санитарлық қауіпсіздікті арттыруға септігін тигізеді.
Жұмыс тобы ауыл шаруашылығын субсидиялау саласында да бірқатар тексеру жүргізген. 2024 жылы мемлекеттік қолдау алған 10 мыңнан астам шаруа қожалығының салықтық міндеттемелері тексеріліп, олардың 2,4 мыңнан астамының салық төлемегені анықталған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 1 390 шаруа өз берешегін өтеген. Облыс әкімінің орынбасары бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды, қалған шаруашылықтардың да міндеттемелерін орындауын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы облыстағы балық шаруашылығын дамыту жөнінде ақпарат берді. Шардара ауданындағы балық тұқымбақтарын қайта іске қосу жоспарланған. Бүгінде облыс аумағында 212 шаруашылық тауарлы балық өсірумен айналысады. Бұл бағыт өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін арттырып, экспорт әлеуетін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кеңесте күзгі ағаш отырғызу науқанының дайындық барысы да талқыланды. Облыстағы 22 тұқымбақ арқылы көшет босату жоспары жасалып, әр ауданның климаттық ерекшелігі мен топырақ құнарлылығына сай белгіленген. Бұл жұмыстар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, көгалдандыру көлемін арттыруға бағытталған.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жауапты басқарма басшыларына және аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Ол механикалық тазалауды қажет ететін каналдарды саралап, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының тізімін нақтылауды тапсырды. Сонымен қатар шегіртке зиянкестеріне қарсы 2026 жылға жоспарланған шараларды пысықтап, қатты отын тасымалының барысын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары сала жетекшілеріне тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуының маңызын еске салды. Тапсырмалардың нақты орындалуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, Түркістан облысының даму қарқынын арттырады.

