Түркістан облысында электрмен қамту саласын жетілдіру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халық санының өсуі энергия тұтыну көлемін арттырып, жаңа инфрақұрылымдық шешімдерді қажет етеді. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС басшылығымен кездесіп, өңірді тұрақты және сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды талқылады.
Кездесуде облыс орталығы мен ауылдық елді мекендерді үздіксіз электр энергиясымен қамту, тозған желілерді жаңарту және қуат көздерін арттыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ энергетикалық инфрақұрылымға жасанды интеллект пен автоматтандыру жүйелерін енгізу жайы сөз болды. Бұл шаралар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп, электр желілерін басқару сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиында энергетика саласындағы өзекті мәселелерді шешу бағытында нақты шаралар қабылдау қажет екенін айтты. «Өңір халқын сапалы инфрақұрылыммен қамту – басты басымдықтарымыздың бірі. Энергия тапшылығын жойып, тұрғындар мен кәсіпорындарды қажетті электр қуатымен толық қамтуымыз қажет. Әр аудан мен қаланың ұсынысына сәйкес тиімді жобаларды қолдап, жүзеге асыруды жалғастырамыз», – деді аймақ басшысы.
Кездесуде «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС директоры Айдар Махамбет компания әзірлеген жобалармен және алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025–2029 жылдарға арналған кешенді іс-шара жоспары дайындалған. Жоспарға сәйкес, жалпы ұзындығы 778,9 шақырым электр желілерін қайта құру, 23 қосалқы станция мен 343 трансформаторды жаңарту көзделген.
Аталған шаралардың нәтижесінде 2029 жылға қарай облыстағы электр желілерінің тозу деңгейі 52,8 пайызға дейін төмендеп, нормативтік-техникалық шығындар 14,8 пайыздан 12,5 пайызға дейін азаяды. Бұл өз кезегінде энергия үнемдеу тиімділігін арттырып, тұтынушыларға жеткізілетін электр қуатының сапасын айтарлықтай жақсартпақ. Сонымен қатар энергия тапшылығы бар аудандарда қосымша 230 МВт қуат көзі пайда болмақ.
Кездесу барысында Сарыағаш ауданында қуаттылығы 220 кВ болатын жаңа «Жібек жолы» қосалқы станциясын салу жөнінде ұсыныс қаралды. Бұл станция іске қосылған жағдайда өңірдің оңтүстік аймақтарында қосымша 100 МВт электр қуаты өндіріледі деп күтілуде. Нәтижесінде Сарыағаш, Қазығұрт, Мақтаарал және Жетісай аудандарының энергетикалық қамтамасыз етілуі едәуір жақсарады.
Сонымен қатар Отырар, Ордабасы, Сайрам және Мақтаарал аудандарында жоспарланған бірқатар жаңа жобалар талқыланып, олардың тиімділігі зерделенді. Бұл жобалар 2026–2029 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Әр аудан бойынша нақты техникалық шешімдер қабылданып, қуат көздерін жаңғырту бағытындағы жұмыстар басталады.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, энергетика саласындағы жобаларды уақтылы орындау мен олардың сапасын бақылау қатаң назарда ұсталады. Әкімдік пен «Оңтүстік Жарық Транзит» серіктестігі өзара ынтымақтастықты күшейтіп, өңірдің барлық аймағын сенімді электр желілерімен қамтуға күш салмақ.
Энергия тапшылығын азайту, электр желілерінің тозуын төмендету және жаңа қосалқы станциялар салу – Түркістан облысының энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі тетігі болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар тек тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, өңірдегі өндірістік кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуіне де жағдай жасайды.
Энергетика саласында қолға алынған жобалар Түркістан облысын дамудың жаңа деңгейіне шығарады. Жаңа электр инфрақұрылымдарының іске қосылуы өндіріс пен бизнестің өркендеуіне, жаңа инвестициялар тартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер етеді.

