Түркістан облысында 2025 жылы коммуналдық салада 220 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 121 нысанды биыл аяқтау жоспарланған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды. Жиында өңірдің инфрақұрылымдық дамуына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар мен құрылыс қарқыны талқыланды.
Облыс әкімі жауапты басқармалар мен мердігер ұйымдарға нысандардың сапасына ерекше назар аударып, жұмыстардың уақытылы және тиімді орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Оның айтуынша, әрбір жоба өңір халқының тұрмыс сапасын арттыруға, әлеуметтік және экономикалық дамуға серпін беруге бағытталған.
Аппарат мәжілісінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері баяндама жасап, алдағы жоспарлар мен нақты көрсеткіштерді ұсынды. Мәліметтерге сәйкес, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту бағытында 66 нысанның құрылысы басталған. Биыл оның 38-ін аяқтау көзделсе, қалған 28 нысан келесі жылы пайдалануға берілмек. Бұл жобалардың арқасында 30,8 мың халқы бар 30 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 8 елді мекенде кешенді-блок модульдерін орнату жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда аталған 30 елді мекеннің 15-інде құрылыс жұмыстары аяқталды. Бұл Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Ордабасы, Отырар және Бәйдібек аудандарын қамтиды. Қалған 15 елді мекенде құрылыс жалғасуда. Ауыз су нысандарының іске қосылуы ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, тұрмыстық қиындықтарды азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар облысты кәріз жүйелерімен қамту бағытында 16 жобаның құрылысы қолға алынған. Жыл соңына дейін олардың 10-ы пайдалануға берілмек. Оның ішінде Түркістан қаласында 7 нысан, Арыс қаласында 1, Ленгір қаласында 1 және Ордабасы ауданында 1 нысанның құрылысы аяқталады. Бұл жобалар экологиялық жағдайды жақсартуға және санитарлық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Өңірді газдандыру ісі де белсенді жалғасып келеді. 2025 жылы осы мақсатта 80 нысанның құрылысына қаржы бөлінді. Биыл 46 жобаның құрылысы аяқталып, нәтижесінде 73 мың тұрғыны бар 43 елді мекен көгілдір отынға қосылады. Қазіргі таңда 32 нысан пайдалануға тапсырылған. Жыл қорытындысымен облыстағы газдандыру деңгейі 75,1 пайызға жетіп, 1,9 миллион халқы бар 606 елді мекен табиғи газ жүйесіне толық қосылады деп жоспарлануда.
Электрмен қамту саласында да ілгерілеу бар. 110,4 мың халқы бар 53 елді мекенге сапалы электр қуатын жеткізу мақсатында 47 нысанның құрылысы басталған. Оның ішінде 25 нысан биыл аяқталып, қалған 22 нысан 2026 жылға өтпелі. Қазіргі таңда 17 нысанның құрылысы толық аяқталып, 14 елді мекенде 32,5 мың тұрғын тұрақты электр қуатымен қамтылды. Төлеби ауданындағы 110 кВ «Алатау» қосалқы станциясы іске қосылды, ал Жетісай ауданындағы 110 кВ «Жетісай» қосалқы станциясы пайдалануға беруге дайын.
Жылумен қамту саласында да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуда. Биыл 3 нысанға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 40,2 шақырым жылу желісі толығымен қайта құрылды. Кентау қаласындағы жылу энергетика орталығында 6 қазандықта жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 8 қазандыққа басқарудың автоматтандырылған жүйесі орнатылды. Нәтижесінде, электр қуатын өндіру көрсеткіші 5 МВт-тан 10 МВт-қа дейін артқан.
Сондай-ақ жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы облыс аумағындағы жол құрылыстарының барысы туралы баяндады. Қазіргі уақытта өңір бойынша 288 нысан немесе 1241,5 шақырым жол мен көшелерде құрылыс және жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін ұзындығы 951,4 шақырымды құрайтын 233 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Осы жұмыстардың нәтижесінде облыстағы жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі үлесі 94,7 пайызға жетпек.
Түркістан облысында жүргізіліп жатқан бұл ауқымды инфрақұрылымдық жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін бермек. Ауыз су, электр энергиясы, газ және жол инфрақұрылымдарының жаңартылуы тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларының дамуына да ықпал етеді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, құрылыс қарқынын арттыру және сапаны бақылау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Нұралхан Көшеров аймақтағы әрбір нысанның уақытылы әрі сапалы аяқталуы – халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететінін атап өтті.

