Түркістан облысы ауыл шаруашылығында рекордтық өнім көлеміне қол жеткізуде

Түркістан облысы ауыл шаруашылығында рекордтық өнім көлеміне қол жеткізуде

Түркістан облысы – еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші өңірлерінің бірі. Ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі мен мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде 2025 жылдың алғашқы сегіз айында 487,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда өсім бар екенін көрсетіп отыр – 100,1%. Мамандардың болжамынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1 триллион теңгеден асады.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы саласын облыс экономикасының басты драйвері ретінде қарастырып отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бағыттағы барлық жұмысты тікелей бақылауына алып, нақты индикаторлар мен инвестициялық жоспарлардың орындалуына баса мән беруде. Бұл тек экономикалық өсімді қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге өңір халқының өмір сапасын арттыруға ықпал ететін маңызды қадам.

Жыл басынан бері жүзеге асырылған іс-шаралар нәтижесінде, 2025-2027 жылдарға арналған 67 инвестициялық жобаның шеңберінде 270,1 млрд теңгенің инвестициясын тарту көзделіп отыр. Бұл жобалар арқылы өңірде 2 488 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Тек 2025 жылдың өзінде 1 700 жұмыс орнын қамтитын 34 жоба жоспарланған. Қазіргі таңда 22 жоба іске қосылып, 935 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Егістік алқаптарының ұлғаюы да – облыстың ауыл шаруашылығына деген нақты көзқарасының дәлелі. 2024 жылы 872,5 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, биыл бұл көрсеткіш 34 мың гектарға артып, 907 мың гектарға жетті. Бұл – ауыл еңбеккерлерінің еңбегінің жемісі және облыстағы ауыл шаруашылығы инфрақұрылымының жүйелі түрде дамып келе жатқанының айғағы.

Ағымдағы жылы облыстағы барлық аудандарда егін жинау жұмыстары белгіленген кестеге сай жүріп жатыр. Мәселен, маусым айында басталған астық ору науқаны қазіргі таңда 100 пайыз орындалған. Сонымен қатар, облыс бойынша 9 мың тонна мақсары, 791 мың тонна көкөніс, 1,1 миллион тонна бақша және 234 мың тонна картоп өнімі жиналған.

Мал азығына келер болсақ, биылғы жылы облыс бойынша 5,2 миллион тонна малазықтық дақылдарды дайындау жоспары бекітілген. Бүгінде оның 4,5 миллион тоннасы жиналып, жоспардың 86 пайызы орындалған. Бұл көрсеткіш облыстың мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарының қыс мезгіліне сенімді түрде дайындалып жатқанын көрсетеді.

Ауыл шаруашылығы саласында дақылдарды әртараптандыру мәселесі де өзекті. Бұл бағытта облыста жоғары рентабельді дақылдарға басымдық берілуде. Әсіресе, мақсары, сүрлемге арналған жүгері, майлы және бұршақ дақылдарына қызығушылық артып келеді. Бұл өз кезегінде, егіншіліктің табыстылығын арттырып, фермерлердің экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Осы жетістіктердің барлығы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Ауылдағы еңбек өнімділігі мен табыс деңгейінің артуы – жалпы өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға негіз болары анық. Ауыл шаруашылығы саласы – тек экономикалық өсімнің ғана емес, сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігінің, жұмыссыздықтың алдын алудың, халықты тұрақты жұмыспен қамтудың маңызды тетігі екенін Түркістан өңірі іс жүзінде дәлелдеп келеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...