Арыс қаласында соңғы жылдары көгалдандыру мен жасыл желек аумағын арттыру бағытында ерекше тәсілдер енгізіліп келеді. Соның ішіндегі ең сәтті әрі тиімді жобалардың бірі – табиғи негізде жұмыс істейтін қалалық тұқымбақ. Бұл экологиялық әрі үнемді тәсіл қазірдің өзінде Арыстың ғана емес, бүкіл Түркістан облысының жасыл даму бағытына жаңа серпін беріп отыр.
Қалада арнайы құрылған тұқымбақ бүгінде 200 мыңнан астам ағаш көшеттерін өсіруде. Бұл ағаштар алдағы күзгі және көктемгі отырғызу маусымына толық дайын. Ең басты ерекшелігі – көшеттердің барлығы сырттан тасымалданбайды. Олар қала аумағында өсіп тұрған ересек ағаштардан жиналған ұрықтар арқылы табиғи жолмен көбейтіледі. «Жасыл Арыс» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары жергілікті климат пен топыраққа бейімделген ағаштардан тұқым жинап, оларды арнайы әдіспен сұрыптап, тұқымбаққа отырғызады. Бұл тәсіл өсімдіктердің табиғи бейімделуін қамтамасыз етіп, күтім шығындарын айтарлықтай азайтады.
Қазіргі таңда қалада сабын тал, арша, боз арша секілді ағаштардың тұқымдары жиналып, арнайы технологиямен сұрыпталуда. Бұл тұқымдар тұқымбақта өсіріліп, 1–2 жылдың ішінде көшелер мен саябақтарға отырғызуға жарамды деңгейге жетеді. Жобаның тағы бір артықшылығы – жерсіндіру көрсеткішінің жоғары болуы. Яғни, осы әдіспен өсірілген көшеттердің 95 пайызы жаңа орынға бейімделіп, өсіп-өнуге қабілетті.
Мамандардың айтуынша, табиғи сұрыптау арқылы алынған көшеттер сырттан әкелінген ағаштарға қарағанда әлдеқайда төзімді, ауруға бейім емес әрі күтімі жеңіл. Сонымен қатар, бұл тәсіл арқылы экологиялық тұрақтылық сақталып, экожүйеге зиян келтірілмейді. Мысалы, басқа өңірден тасымалданатын көшеттер жиі климатқа бейімделе алмай, қурап қалуы мүмкін. Ал Арыстағы жобада жергілікті табиғи ортада бейімделген ұрықтар пайдаланылатындықтан, мұндай қауіп мүлде жоққа тән.
Қалалық тұқымбақтан алынған көшеттер кейін қала көшелеріне, мекемелердің аумағына, саябақтар мен қоғамдық орындарға отырғызылады. Бұл – тек экологияны жақсарту ғана емес, қаланың келбетіне де оң әсер ететін маңызды жұмыс. Бүгінде Арыс қаласының жасыл белдеуі жыл сайын кеңейіп, тұрғындар үшін экологиялық таза, жайлы орта қалыптастырып келеді.
Бюджеттік тиімділік те – жобаның басты артықшылықтарының бірі. Бұрын ағаш көшеттерін басқа қалалардан немесе жекеменшік питомниктерден сатып алуға көп қаражат жұмсалатын болса, қазір бұл шығын бірнеше есе азайды. Тұқымбақтағы жұмысшылар жергілікті тұрғындар арасынан таңдалып алынған, бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамтуға да сеп болуда. Көшет өсіру, күтім жасау, отырғызу сынды процестердің барлығы жергілікті деңгейде ұйымдастырылып, біртұтас жүйеге айналған.
Бүгінде Арыстағы бұл тәжірибе Түркістан облысында баламасы жоқ жоба ретінде бағаланып отыр. Өз аумағында табиғи жолмен көшет өсіріп, оны кейін қала аумағына отырғызу – экологияға да, қала бюджетіне де, тұрғындардың өмір сапасына да тікелей оң ықпалын тигізуде. Облыстың басқа қалаларында да осындай тәсілді енгізу бастамалары талқыланып жатқанын атап өткен жөн.
Жасыл желек – тек қала көркі емес, халық денсаулығы мен болашақ ұрпақтың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан Арыс қаласында қолға алынған бұл экологиялық әдіс өңірлік дамудың жаңа бағыты ретінде кеңінен қолдау табуы тиіс. Аталған жоба экологиялық ойлаудың нақты үлгісі ретінде Түркістан өңірінің тұрақты дамуына жол ашып отыр.

