Мемлекет басшысы көрермен залын аралап көріп, облыстық симфониялық оркестрдің дайындық барысын тамашалады, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап.
Мың орынға арналған көп функционалды Өнер орталығы былтыр ашылған. Кең әрі заманауи үлгідегі ғимарат құрылысына 3,7 миллиард теңге жұмсалған.
Мұнда концерттер, шығармашылық кештері мен түрлі қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Орталықта бірнеше шығармашылық ұжым орналасқан.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылдан бері облыста 18 мәдениет нысаны ашылғаны туралы мәлімет берілді. Соның ішінде 7 заманауи «Руханият» орталығы, музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен шалғай елді мекендерде мәдениет үйлері салынды.
Әкімдік мәдениет саласы қызметкерлерін баспанамен қамту, мамандардың біліктілігін арттыру және озық тәжірибені енгізу бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

