Еңбек адамы: сахнаның сыртындағы саналы еңбек – өнердің көрінбейтін шебері

Еңбек адамы: сахнаның сыртындағы саналы еңбек – өнердің көрінбейтін шебері

Өнер әлемінде көрермен көзайымына айналған әрбір қойылымның артында жүздеген қолдың еңбегі, талай адамның табандылығы жатыр. Сахнадағы жарық пен әуен, костюм мен декорация – бәрі де көзге көрінбейтін, бірақ театр өмірінің ажырамас бөлігі болып саналатын адамдардың еңбегінің жемісі. Солардың бірі – Шымкент қалалық қуыршақ театрының суретші-бутафоры, ҚР Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының мүшесі Серікбаев Талғат Байтурсынұлы.

Талғат Байтурсынұлы 1968 жылы Қызылорда облысы, Сұлутөбе станциясында дүниеге келген. Өнерге деген қызығушылығы бала кезінен байқалған. Сурет салуға бейімі мен қиял әлемін бейнелеуге деген құштарлығы оны шығармашылық жолға жетеледі. 1988 жылы ол А. Қастеев атындағы көркемсурет училищесін тәмамдап, кәсіби суретші мамандығын игереді.

Әскери борышын өтеген соң, Қызылорда қаласында әрлеуші-суретші болып қызмет атқарды. Кейін Шардара ауданында безендіру пәнінің мұғалімі ретінде жас ұрпақтың көркемдік талғамын тәрбиелеп, көптеген шәкірттерге сурет өнерінің қыр-сырын үйретті. Өз ісіне деген адалдығы мен ұстаздық мінезі оны әріптестері арасында ерекше құрметке бөледі.

2017 жылдан бастап Талғат Байтурсынұлы Шымкент қалалық қуыршақ театрында суретші-бутафор қызметін атқарып келеді. Бұл – үлкен жауапкершілікті, шыдамдылық пен шығармашылықты қажет ететін ерекше мамандық. Себебі бутафор – сахнадағы кез келген заттың өмірге келуіне себепші адам. Көрермен көрмейтін, бірақ әр қойылымның сәтті өтуіне тікелей әсер ететін осындай мамандардың еңбегі — театрдың шынайы тірегі.

Талғат Байтурсынұлы әр қойылымның декорациясы мен реквизитін өз қолымен жасап, сахна әлемін сиқырға толы кеңістікке айналдырады. Балаларға арналған ертегілер мен музыкалық қойылымдарда оның қолынан шыққан әр бұйым ерекше нәзіктік пен үйлесімге толы. Қарапайым затты жан бітіріп, көрерменге қуаныш сыйлау – бутафордың ең үлкен шеберлігі.

Театр ұжымы Талғат Байтурсынұлын өз ісіне адал, сабырлы әрі ұжымшыл адам ретінде ерекше бағалайды. Ол әрқашан сахна артындағы тәртіп пен үйлесімділікті сақтап, шығармашылық процестің тынысын сезінетін маман.

«Талғат ағайдың қолынан шыққан әрбір зат сахнада өмірге келгендей әсер қалдырады. Ол жұмысына жүрекпен қарайды», – дейді әріптестері.

Ол үшін өнер – тек әдемілік емес, ең алдымен еңбек пен сезімнің үйлесімі. «Өнер – көзге көрінетін сұлулық емес, жүрекпен сезілетін еңбек» деген оның өмірлік қағидасы осы сөздің дәлелі.

Сахна сыртында үнсіз еңбек етіп жүрген осындай қарапайым адамдардың арқасында театр өмірі жалғасып, көрерменнің көңілі көркейіп келеді. Талғат Байтурсынұлы – даңқ іздемей, өнердің шынайы бейнесін еңбегімен жасаған, сахна рухын сақтап тұрған нағыз еңбек адамы.

Оның табандылығы мен шығармашылыққа деген сүйіспеншілігі – жастарға үлгі, өнерге қызмет етудің ең биік көрінісі. Шымкент қаласының мәдени өмірінде осындай шынайы еңбек иелерінің еңбегі – өнердің көрінбейтін, бірақ ең берік тірегі болып қала береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ