Еңбек адамы – ел үлгісі: Алмагүл Күнүзақованың адал қызмет жолы

Еңбек адамы – ел үлгісі: Алмагүл Күнүзақованың адал қызмет жолы

Шымкент қаласының мәдени өмірінде тыныш, бірақ маңызды рөл атқаратын жандардың бірі – А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхананың техникалық қызметкері Алмагүл Жұмаділқызы Күнүзақова. Оның еңбек жолы – қарапайымдылық пен табандылықтың, адалдық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі.

Алмагүл Жұмаділқызы 1962 жылы 30 қаңтарда Тараз ауданының Аса ауылында дүниеге келген. Орта білім алғанымен, оның өмір мектебі мен еңбек тәжірибесі талай жоғары білімді жанға өнеге боларлық. Ол әрқашан еңбектің қадірін біліп, жұмысына бар жан-тәнімен беріле істеген жан.

Еңбек жолын 1984 жылы Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданы әкімшілігінде техникалық қызметкер ретінде бастаған. Жас маман ретінде өз ісіне бар ынтасымен кірісіп, адалдығы мен жауапкершілігінің арқасында әріптестерінің сеніміне ие болды. Ұзақ жылдар бойы сол мекемеде еңбек етіп, 2006 жылы зейнеткерлік жасқа жетті. Алайда еңбекқор адам үшін зейнет – демалыс емес, жаңа белес. Сол жылы Алмагүл апай А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханаға техникалық қызметкер болып орналасады.

Міне, содан бері 18 жылдан астам уақыт өтті. Жалпы еңбек өтілі – 41 жыл. Бұл – өмірін адал еңбекке арнаған жанның ең үлкен жетістігі. Кітапхананың әр бұрышы Алмагүл апайдың қолының ізімен, ұқыптылығымен, тиянақтылығымен ерекшеленеді.

Ол үшін тазалық – жай ғана міндет емес, жұмыс орнына деген құрметтің, ұжымға деген сүйіспеншіліктің белгісі. Әріптестері Алмагүл апайды мейірімді, сабырлы, өз ісіне берік адам ретінде ерекше құрметтейді.

«Алмагүл апай жұмысқа келген күні кітапхана іші жарықтанып кетеді. Оның күлкісі мен сабыры бізге әрдайым жақсы көңіл-күй сыйлайды», – дейді әріптестері.

Кітапхана сияқты тыныш әрі рухани ортада қызмет ету – ерекше жауапкершілік. Алмагүл апай сол жауапкершілікті үлкен абыроймен атқарып келеді. Оның еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ ұжым өмірінің ажырамас бөлігі.

Отбасында да Алмагүл апай – мейірімді ана және ардақты әже. Үш баланың анасынан бүгінде он бір немере тараған. Ол немерелеріне ең басты өмірлік қағиданы — адал еңбек пен адамгершілікті үйретіп келеді.«Бақыт дегеніміз – бала-шағаның амандығы мен елдің тыныштығы», – дейді ол жиі.

Алмагүл Күнүзақованың өмір жолы – жастарға үлгі, еңбекқорлық пен қарапайымдылықтың мәнін ұқтыратын шынайы сабақ. Қоғамның көрінбейтін қаһармандары саналатын мұндай жандардың еңбегі – ұжымның берекесі, елдің тұрақтылығы.

Шымкент қаласындағы А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхана ұжымы үшін Алмагүл Жұмаділқызы – тазалық пен адамгершіліктің, сабыр мен шынайылықтың символы. Оның еңбегі — ұлт руханиятына қосылған үлес, еңбек адамының мәртебесін айқындайтын өнегелі өмір жолы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ