Шымкент қаласында Кәсіподақтар күні қарсаңында мәдениет саласының үздік қызметкерлерін ұлықтауға арналған салтанатты шара өтті. Іс-шара «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» ғимаратында ҚР Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Руслан Байғаниұлы Шерімовтің бастамасымен ұйымдастырылды.
Бұл жиын – мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың тынымсыз еңбегін бағалауға арналған. Театр сахнасында, мәдени орталықтар мен шығармашылық ұйымдарда еңбек етіп жүрген шымкенттік мамандардың еңбегі кәсіподақ тарапынан жоғары құрметке ие болды.
Руслан Шерімов өз құттықтау сөзінде мәдениет саласының қоғамдағы ерекше маңызын атап өтті:
«Мәдениет – бұл халықтың рухани өзегі, ұлттық болмыстың айнасы. Сіздердің еңбектеріңіз – елдің рухын көтеріп, өскелең ұрпаққа өнеге болар құндылықтарды қалыптастырады. Сондықтан мәдениет қызметкерлерінің еңбегін бағалау – біздің парызымыз», – деді ол.
Марапаттау рәсімінде шығармашылық жолда ерекше табысқа жеткен бірнеше мәдениет қызметкері «Мәдениет саласының үздігі» медалімен және Алғыс хаттармен марапатталды.
«Мәдениет саласының үздігі» медалімен марапатталғандар:
• Қошақов Жақсылық Сырлыбайұлы – Шымкент қалалық орыс драма театры директорының орынбасары
• Жанасбаева Эльмира Мейрамқызы – Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры директорының орынбасары
• Алтыбаева Райхан Сапарқызы – «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының» қызметкері
• Турдалиев Ерғали Шерімбекұлы – Шымкент қалалық қуыршақтар театрының қызметкері
Алғыс хат иегерлері:
• Қарымсаков Исағали Молдазимұлы
• Кеңпейілова Айнұр Нұрлыбекқызы
Барлығы 6 мәдениет саласының қызметкері өз еңбегі мен шығармашылық жетістіктері үшін марапатқа ие болды.
Марапат иегерлері өз кезегінде кәсіподақ ұйымына және шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, бұл құрмет олардың шығармашылық жігерін арттыратынын атап өтті.
Кәсіподақ ұйымының өкілдері мәдениет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту және еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты одан әрі жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
Бұл іс-шара – Шымкент қаласының мәдениет саласында адал еңбек етіп жүрген мамандарға көрсетілген ерекше құрмет қана емес, сонымен қатар кәсіподақтардың қызметкерлер мүддесін қорғаудағы маңызды рөлін айқындаған тағылымды кездесу болды.

