Шымкент қаласында 2 қазан күні ерекше рухтағы мерекелік іс-шара өтті. Бұл күн – Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде еңбек етіп жүрген ұстаздарға арналған кәсіби мереке. «Жол-көлік» колледжінде өткен салтанатты жиын ұстаз еңбегін ұлықтап қана қоймай, педагогтердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етудегі кәсіподақтардың рөлін айқындаған маңызды шара болды.
Мерекелік жиынға қала әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, сала ардагерлері мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты. Іс-шара басталмас бұрын колледж фойесінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жетістіктері мен инновациялық жобалары көрмеге қойылды. 37 колледждің қатысуымен ұйымдастырылған көрме қонақтарға жастардың кәсіби әлеуетін, жаңа технологиялар мен заманауи білім беру тәсілдерін таныстырды.
Салтанатты бөлімде Шымкент қаласы әкімінің, Мәслихат Төрағасының және «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының атынан үздік ұстаздарға Алғыс хаттар мен марапаттар табыс етілді. Бұл марапаттар – педагогтардың қоғам алдындағы еңбегінің жоғары бағалануының айқын дәлелі.
Жиында еңбек ардагері Байғұтов Нышан Тасболатұлы құттықтау сөз сөйлеп, жас мамандарға ізгі тілек пен ақ батасын берді. Ол ұстаздық жолдың қиын да жауапты, бірақ абыройлы қызмет екенін айтып, барша әріптестеріне еңбекте табыс тіледі.
Мерекенің шарықтау шегі – «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Әлтеевтің құттықтауы болды. Өз сөзінде ол кәсіподақтардың қоғамдағы орны мен ұстаздар еңбегін қорғаудағы маңызын ерекше атап өтті:
«Қадірлі әріптестер! Біз – кәсіподақ – сіздердің еңбек ұжымындағы құқықтарыңыз бен әлеуметтік-экономикалық мүдделеріңіздің сенімді қорғанымыз. Біздің басты міндетіміз – ұстаз мәртебесін көтеріп, лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету. Сіздердің әрбір мүшелік жарналарыңыз – ортақ қамқорлықтың іргетасы!»
Бауыржан Әлтеев кәсіподақ ұйымының нақты қолдауын көрсету мақсатында колледждің кәсіподақ мүшелеріне кәсіби мерекеге орай ақшалай сыйақылар табыстады. Бұл – кәсіподақтың әлеуметтік бағыттағы жұмысының нақты нәтижесі және ұстаз еңбегіне деген құрметтің жарқын көрінісі болды.
Мереке концерттік бағдарламаға ұласып, «Шамсинур» би ансамблі, Саз колледжінің оркестрі, Домбырашылар ансамблі және хор ұжымының өнері көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ұжымдар өз өнерлерімен ұстаздық еңбектің қадір-қасиетін айшықтап, мерекеге ерекше сән берді.
Шымкент қаласында өткен бұл іс-шара ұстаздарға деген құрмет пен кәсіподақтардың нақты қамқорлығын көрсеткен маңызды мерекелік жиын болды. Ол тек бір күндік салтанат емес, ұстаз мәртебесін арттыруға, еңбек құқығын қорғауға және білім беру жүйесіндегі әлеуметтік әріптестікті нығайтуға бағытталған шынайы әрекеттің көрінісі болды.

