Шымкент қаласында білім беру саласындағы әлеуметтік әріптестікті нығайту бағытында маңызды бастама қолға алынды. Жаңа ашылған «Sity School» ұжымы алдағы уақытта бастауыш кәсіподақ ұйымын құрып, «Ынтымақ» салалық кәсіподақ бірлестігіне мүше болуға ниет білдірді. Бұл — ұстаздардың заңды құқықтарын қорғап, еңбек қатынастарында әділдік пен өзара қолдау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған игі қадам.
Осыған орай бүгін «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев жаңа оқу орнының ұжымымен кездесіп, кәсіподақ қозғалысының маңызын түсіндірді. Кездесу барысында ол Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының қызметі, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен міндеттері, мүшелікке қабылдау тәртібі және жарна төлеу жүйесінің ашықтығы туралы кеңінен әңгімеледі.
Бауыржан Алтеев өз сөзінде кәсіподақтың басты миссиясы — еңбек адамының әлеуметтік және құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Ол «Ынтымақ» салалық кәсіподағы құрамындағы Конаев атындағы мектептің бастауыш ұйымы тиімді жұмыс жүргізіп отырғанын мысалға келтіріп, мұндай үлгіні жаңа мектептерге енгізудің маңыздылығына тоқталды. «Sity School» сынды жаңа оқу орындарының кәсіподақ қозғалысына қосылуы – ұстаздардың дауысы мен мүддесін қорғаудың нақты кепілі болмақ деді ол.
Кездесу кезінде мұғалімдер өздерінің сұрақтарын қойып, кәсіподақ мүшелігінің артықшылықтары туралы нақты ақпарат алды. Атап айтқанда, еңбек дауларын шешу тетіктері, әлеуметтік жеңілдіктер мен заңгерлік көмек, кәсіби біліктілікті арттыруға арналған оқу бағдарламалары мен мәдени іс-шараларға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.
«Sity School» педагогикалық ұжымы кәсіподақ ұйымының қолдауы арқылы өз құқықтарын қорғап қана қоймай, кәсіби бірлікті нығайту мен ұжымдық рухты арттырудың жаңа мүмкіндіктері ашылатынын атап өтті. Ұжым мүшелері бастауыш кәсіподақ ұйымын құру туралы шешімді бірауыздан қолдап, алдағы аптада келісімшарт жасауға дайын екендіктерін білдірді.
Бұл бастама — Шымкент қаласының білім беру жүйесінде әлеуметтік серіктестікті дамытуға бағытталған нақты қадам. «Sity School» сияқты жас оқу орындарының кәсіподақ қозғалысына қосылуы ұстаздардың құқықтық мәдениетін арттырып, олардың еңбегін бағалау мен құрметтеудің жаңа деңгейіне жол ашады.
Бауыржан Алтеев өз сөзінің соңында: «Кәсіподақ — бұл жай ұйым емес, бұл – әділдік пен сенім алаңы. Мұғалімнің еңбегі қорғалған жерде, сапалы білім де, мықты болашақ та болады» деді.
«Sity School» ұжымының бұл шешімі — Шымкент қаласындағы кәсіподақ қозғалысын жаңғыртудың және білім саласындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтудың нақты дәлелі.

