Шымкент қаласы – саналы ұрпақ тәрбиесіне ерекше үлес қосқан еңбек әулеттерінің ордасы. Солардың ішінде ұстаздықты өмірлік ұстанымына айналдырған Каримкуловтар әулеті – нағыз еңбектің, білім мен рухани сабақтастықтың символы. Қазақстандағы еңбек қозғалысын дәріптеуге арналған «120 игі іс» акциясы аясында бұл әулет өздерінің табанды еңбегімен және ұрпаққа үлгі боларлық ұстаздық дәстүрімен ерекшеленіп отыр.
Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені жақсы мұғалім – мектептің жүрегі», – десе, Абай Құнанбаев «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан басталады. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп бекер айтпаған. Осы ұлы ойдың өмірлік дәлелі – Каримкуловтар әулеті. Олар үшін ұстаздық – мамандық емес, өмірлік миссия.
Әулеттің негізін қалаушы – ардақты ұстаз Мавланқұл Каримкулов. Ол 1936 жылы Түркістан облысының Сайрам ауылында дүниеге келген. Отбасында адалдық пен еңбексүйгіштік қасиеттерге баулып өскен. Әкесі Раимкул Каримқұл ауылдық кеңес пен колхозды басқарған, ал анасы Райхан Раимкулова – қарапайым, кішіпейіл, бірақ балаларына еңбек пен әділдікті үйреткен аяулы жан болған. Осы тәрбиенің арқасында Мавланқұл атамыз жастайынан ұстаз болуға бел буған.
1956 жылы еңбек жолын қарапайым мұғалім ретінде бастаған ол, 1960 жылы Низамий атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетін сырттай тәмамдап, кәсіби білімін жетілдірді. Ұстаздық еңбегінің шыңы – 1972 жылы Ленин атындағы орта мектепке (қазіргі №109 жалпы орта мектеп) директор болып тағайындалуы. 1990 жылға дейін осы мектепті басқарып, оны өңірдегі ең беделді білім ордаларының біріне айналдырды.
Мавланқұл Каримкуловтың еңбегі мен өнегесін оның ұрпақтары жалғастырып келеді. Әулет мүшелерінің барлығы дерлік педагогикалық салада еңбек етеді. 2018 жылы «Қазақстанда Өзбекстан жылы» аясында өткен республикалық байқауда Каримкуловтар әулетінің жалпы педагогикалық еңбек өтілі 708 жыл екені анықталып, олар «Педагогикалық әулет» атанды. Бұл – тек отбасы үшін емес, бүкіл ел үшін үлкен мақтаныш.
Бүгінде әулеттің өкілдері 12 адамнан тұрады және барлығы білім саласында қызмет атқарып жүр. Ұлағатты ұстаздың немересі Тахиржан Каримкулов атасы басқарған №109 мектепте директордың ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары. Бұл – ұрпақ сабақтастығының үзілмегенінің айғағы. Ал шөбересі Нигора Шадикулова мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Ташенов атындағы педагогикалық университеттің өзбек тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсті. Бұл – жас буынның да ұстаздық жолға деген қызығушылығының және өз ұлтының мәдениетіне деген құрметінің дәлелі.
Шымкент қаласында осындай еңбек әулеттері – қоғамның рухани тірегі. Каримкуловтар ұстаздық арқылы елдің болашағына қызмет етіп, еңбек пен білімнің шынайы құндылығын дәлелдеп отыр. Олардың өмірлік ұстанымы – «Адам тәрбиелеу – елдің келешегін қалыптастыру».
«Кәсіпқорлар жылы» аясында Каримкуловтар әулетінің еңбегі – Шымкенттің ғана емес, тұтас Қазақстанның мақтанышы. Олар өз ісінің шеберлері бола отырып, жас ұрпаққа адалдық пен еңбекқорлықтың маңызын үйретіп келеді.
Бұл отбасының өнегелі өмірі – «Еңбек адамдарының жылы» мен «120 игі іс» акциясының айқын үлгісі. Каримкуловтар әулетінің адал еңбегі, ұстаздыққа деген сүйіспеншілігі мен табандылығы – Шымкент қаласының рухани байлығын арттырып, ел ертеңіне сенім ұялатады.

