Шымкент қаласындағы №2 мектепте өткен ерекше кездесу жас буынның өмірлік бағдарын айқындауға бағытталды. «Заң үйірмесі» аясында ұйымдастырылған шараға Кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев пен «Маида» медиация орталығының директоры Салтанат Абдукаримова қатысты. Кездесу форматы ашық пікір алмасу, еркін сұхбат және өмірлік тәжірибемен бөлісуге арналды.
Жастармен жүздескен Бауыржан Әлтеев өз сөзінде еңбек пен заңның қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. «Құрметті жастар! Мамандық таңдау – өмірдегі ең жауапты шешімдердің бірі. Бұл тек табыс табудың жолы емес, өз орныңды табу, өмірлік миссияңды анықтау. Егер таңдаған ісіңді сүйсең, сол арқылы қоғамға пайда әкелсең – міне, шынайы бақыттың кілті осында. Біздің кәсіподақтардың басты міндеті – осы жолда әрбір азаматтың еңбек құқығын қорғау. Адал еңбек – бұл адамдық абырой мен намыстың өлшемі. Барлық жетістіктің бастауы – еңбекте», – деді ол.
Кәсіподақтар төрағасы тек кәсіби бағыт беріп қана қоймай, рухани-адамгершілік құндылықтар жайлы да әсерлі ой айтты. «Ата-анаға құрмет, үлкенге ізет көрсету – табысты өмірдің іргетасы. Рухани бай адам ғана өмірдің қиын сәттерінде дұрыс шешім қабылдай алады. Осындай құндылықтарды бойына сіңірген жастар ешқашан асығыс әрекетке, заң бұзуға бармайды. Себебі олар еңбектің қадірін түсінеді, өмірдің мәнін бағалайды», – деді Бауыржан Әлтеев оқушыларға арнаған сөзінде.
Өз кезегінде «Маида» медиация орталығының директоры Салтанат Абдукаримова жасөспірімдерді дау-жанжалды шешудің өркениетті тәсілдерімен таныстырды. Ол медиация мәдениетінің қоғамдағы маңызына тоқталып, заңды жолмен келісімге келудің артықшылықтарын түсіндірді. «Келіспеушіліктер мен даулар өмірде жиі кездеседі. Бірақ ең бастысы – оларды дұрыс жолмен шешу. Заңға жүгіну, мәмілеге келу – мәдениетті қоғамның белгісі», – деді ол.
Кездесу барысында оқушылар да өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, еңбек құқығы мен кәсіби таңдау туралы пікір алмасты. Жастардың белсенділігі, сұрақтарының мазмұндылығы – олардың еңбек пен заң саласына деген қызығушылығының артқанын көрсетті.
Бұл іс-шараның маңызы тек құқықтық сауатты арттыруда емес, сонымен бірге жас ұрпақтың бойында адалдық, жауапкершілік және еңбекке құрмет сезімін қалыптастыруда. Осындай кездесулер жастарға өз болашағына сеніммен қарауға, өмір жолын дұрыс таңдауға және қоғамдағы өз орнын айқындауға көмектеседі.
Шара соңында ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің тұрақты түрде өткізілетініне тоқталды. Себебі еңбекке құрмет пен заңға адалдық – ел болашағын қалыптастыратын басты ұстанымдар. Ал бүгінгі жастардың бойына осы құндылықтарды сіңіру – қоғам дамуының ең маңызды міндеттерінің бірі.

