Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова үкіметтік емес ұйымдармен онлайн форматта (Zoom арқылы) кездесу өткізді. Кездесуге еліміздің барлық өңірлерінен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі өңірлік консультациялық-кеңесші штабтардың жетекшілері қатысты. Мұндай форматтағы диалог әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру мен қоғам мен мемлекеттің өзара серіктестігін нығайтуға бағытталды.
Кездесу барысында министрлік 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті. Әсіресе, жұмыспен қамтудың белсенді шараларын іске асыру, еңбек нарығындағы жаңа тетіктер мен әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бағыттарында нақты көрсеткіштер айтылды. Светлана Жақыпова өз сөзінде еңбек қатынастары саласындағы реформалар азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, халықтың табысын көтеруге және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Талқылау барысында негізгі назар субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру қағидаларына енгізілген өзгерістерге аударылды. Бұл өзгерістер жұмыс берушілерге тиімді шарттар ұсынып, халықты ресми жұмыспен қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді. Жаңа талаптарға сәйкес, субсидияланатын орындарда еңбек ететін азаматтар әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысып, зейнетақы және медициналық аударымдар алатын болады. Бұл – көлеңкелі жұмыспен қамтуды азайтып, азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге бағытталған нақты қадам.
Онлайн жиынға Шымкент қаласынан Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Руслан Тұңғышбаев, сондай-ақ қаладағы үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты. Олар өңірдегі еңбек нарығының өзекті мәселелерін көтеріп, әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар білдірді.
Шымкент қаласының өкілдері азаматтарды жұмыспен қамтудың жергілікті деңгейдегі ерекшеліктеріне тоқталды. Әсіресе, жастар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту бағытында нақты ұсыныстар айтылды. ҮЕҰ өкілдері бұл бағыттағы жобаларды іске асыруда азаматтық сектордың белсенді рөлін атап өтіп, серіктестік аясын кеңейту қажеттігін білдірді.
Кездесу конструктивті және ашық пікір алмасу форматында өтті. Тараптар әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен жұмысы шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Мұндай диалог алаңдары әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, халықты жұмыспен қамту және осал топтардың мүддесін қорғау бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Светлана Жақыпова қорытынды сөзінде азаматтық қоғам институттарының әлеуетін жоғары бағалап, олардың елдегі әлеуметтік тұрақтылық пен ынтымақты нығайтуға қосып жатқан үлесіне алғыс білдірді. Министрлік алдағы уақытта да ҮЕҰ-мен тығыз әріптестікті жалғастырып, әлеуметтік жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.
Мұндай кездесулер әлеуметтік серіктестікті дамытып, қоғам мен билік арасындағы өзара сенім мен ашықтық қағидаттарын нығайтады. Бұл – Қазақстанда әлеуметтік саясаттың жаңа сапалық деңгейге көтерілуінің нақты көрінісі.

