Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында 25 қазан – Республика күні және қазан айының соңғы жексенбісі – Әлеуметтік сала қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Бұл қос мереке ел бірлігін, еңбектің қадірін және мейірімге толы әлеуметтік саланың қоғамдағы орнын айқындады.
Жиынды басқарма басшысы Жанат Өтебаева ашып, әріптестерін қос мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде Республика күні – елдің тәуелсіз ойы мен еңбегінің нышаны, халық бірлігінің символы екенін атап өтті. Сонымен қатар, әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру және әр азаматтың өмір сүру сапасын жақсарту екенін айтты.
- «Республика күні – біздің бірлігіміздің, тәуелсіз ой мен еркін еңбектің мерекесі. Бұл – ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтын, ортақ мүдде жолында аянбай еңбек ететін әрбір азаматтың мейрамы. Ал әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, әр азаматтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау. Осы бағыттағы әріптестерімнің еңбегі – мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір» – деді басқарма басшысы.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында әлеуметтік қорғау саласында 2000-ға жуық қызметкер еңбек етуде. Оның ішінде 1 688 маман – мүгедектігі бар балалар мен ересектерге, жалғызілікті қарттарға және өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын азаматтарға көмек көрсетсе, 30 маман – отбасы институтын нығайту бағытында, ал 195 қызметкер – жұмыспен қамту саласында жұмыс істеп келеді.
Мерекелік жиында әлеуметтік сала қызметкерлерінің қоғам алдындағы еңбегі жоғары бағаланды. Жанат Өмірсейітқызы қызметкерлердің жанкешті еңбегін атап өтіп, олардың мейірім мен қамқорлыққа негізделген қызметі мемлекет саясатының адамға бағытталған айқын көрінісі екенін айтты.
Іс-шараның соңында басқарманың үздік қызметкерлеріне қала әкімінің, қала әкімінің орынбасарының, қалалық мәслихаттың және кәсіподақ ұйымының алғыс хаттары табыс етілді. Әр марапат иесінің еңбегі – әлеуметтік саясаттың дамуына қосылған зор үлес ретінде бағаланды.
Мерекелік жиын жылы тілектер мен ізгі ниеттерге толы болды. Қызметкерлер бір-біріне ризашылықтарын білдіріп, Республика күніне арналған жүрекжарды тілектерін жеткізді. Бұл шара ұжымдық рухты нығайтып, әлеуметтік сала мамандарының ел алдындағы жауапкершілігін тағы бір мәрте айқындады.
Осындай кездесулер тек марапаттау рәсімі ғана емес, еңбектің қадірін сезінуге, қоғам үшін жасалған игі істің маңызын түсінуге мүмкіндік береді. Шымкент қаласының әлеуметтік қызметкерлері – мейірім мен кәсібилікті ұштастыра білген нағыз еңбек адамдары.

