Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, еңбек адамдарына деген ерекше құрмет пен назарды айқындады. Бұл шешім өз кәсібін өмірлік мұратқа айналдырған, адал еңбек арқылы ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға зор серпін берді. Осындай еңбек дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқан отбасылардың бірі – Абдурахмановтар әулеті.
Бұл әулеттің негізін қалаған – Абдурахманов Мадали Холматұлы. Ол еңбек жолын 1988 жылы Шымкент қаласындағы «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде оператор болып бастаған. Қарапайым қызметтен бастап, кәсіби шыңдалудың барлық сатысынан өткен Мадали Холматұлы өз еңбегімен, табандылығымен және жауапкершілігімен өзгелерге үлгі бола білді. Уақыт өте келе ол бригадир, диспетчер секілді жауапты лауазымдарға көтеріліп, өндіріс орнындағы маңызды процестердің сенімді маманына айналды.
Мадали Холматұлының еңбексүйгіштігі мен өз ісіне деген адалдығы әулеттің басқа мүшелеріне де үлгі болды. Бүгінде Абдурахмановтар әулеті мұнай өңдеу саласында үш буын өкілінен тұратын 15 адаммен еңбек етуде. Бұл тек бір отбасының ғана жетістігі емес, нағыз еңбек дәстүрін сақтап келе жатқан тұтас әулеттің табандылығы мен бірлігінің көрінісі.
Олардың жалпы еңбек өтілі – 37 жыл. Осы уақыт аралығында әулет мүшелері ел экономикасының маңызды саласы саналатын мұнай өңдеу өндірісінің тұрақты дамуына өз үлестерін қосты. Әрқайсысы өз саласында жауапты қызмет атқарып, кәсіби тәжірибесі мен еңбегі арқылы ұжым арасында зор беделге ие болды.
Абдурахмановтар әулетінің еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Олар түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болып, өз саласының үздіктері қатарынан көрінді. Әулет мүшелеріне «Қазақстан мұнайына 120 жыл» мерекелік медалі, салалық және мемлекеттік Құрмет грамоталары, сондай-ақ «Еңбек озаты» төсбелгісі табысталған. Бұл марапаттар олардың жылдар бойы сіңірген еңбегінің, еңбек мәдениетіне деген адалдығының және кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі.
Абдурахмановтар әулеті – еңбек даңқын дәріптеп, жас ұрпаққа адал еңбектің қадірін ұғындырып келе жатқан өнегелі отбасы. Әулет дәстүрінде еңбек – тек табыс көзі емес, өмірлік құндылық, жауапкершілік пен абыройдың өлшемі.
Мұндай әулеттердің тәжірибесі мен табандылығы қоғам үшін үлкен мәнге ие. Олар ел дамуының тірегі саналатын жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға, жастарды кәсіптік білімге баулуға зор үлес қосып келеді.
Абдурахмановтар әулеті – өз еңбегімен ел игілігін еселеп жүрген, ұрпаққа өнеге боларлық отбасы. Олардың табысты еңбек жолы – шабыт пен дәстүрдің жарасымды жалғасы.

