Қазіргі қоғамда жастарды жұмыспен қамту мен олардың еңбек нарығына табысты бейімделуін қамтамасыз ету – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта елімізде бірнеше тиімді жобалар жүзеге асырылуда. Солардың ішінде «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары ерекше маңызға ие. Бұл бастамалар жергілікті Мансап орталықтары арқылы үйлестіріліп, мыңдаған жасқа алғашқы еңбек тәжірибесін жинауға мүмкіндік беріп отыр.
«Жастар практикасы» жобасы – оқу орнын жаңа тәмамдаған, бірақ жұмыс тәжірибесі жоқ түлектер үшін үлкен мүмкіндік. Бағдарлама бойынша жастар өз мамандығына сәйкес жұмыс орнына орналастырылады және алты ай бойы тәжірибе жинақтайды. Бұл – олардың кәсіби дағдыларын шыңдап, тұрақты жұмыс табуына бағытталған алғашқы қадам.
Ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасы еңбек өтілі жоқ жастарды кемінде бір жылға тұрақты жұмысқа орналастыруды көздейді. Бағдарлама жаңа қызметкерлерге тәжірибе жинап қана қоймай, тұрақты еңбек нарығында өз орнын табуға жол ашады. Мұндай жобалар жастардың болашағына нақты серпін беріп, экономиканың түрлі салаларына жаңа мамандардың келуіне ықпал етеді.
Жастарды қолдау бағытындағы маңызды құрылымдардың бірі – Мансап орталығы. Бұл орталықтар жұмыс іздеп жүрген жастарға бағыт-бағдар береді, бос жұмыс орындарын ұсынады, қайта даярлау курстарына жібереді және кәсіби бағдарлау қызметін көрсетеді. Яғни, Мансап орталығы – жастар мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді көпір рөлін атқарады.
2025 жылға арналған жоспарға сәйкес, Мансап орталығы арқылы жүзеге асатын жобалар аясында жастарды жұмыспен қамту деңгейі айтарлықтай артады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде өңірдегі жұмыссыздық көрсеткішін төмендетіп, жастардың еңбекке белсенді қатысуына жағдай жасайды.
Мансап орталығы тек жұмыс табуға көмектесіп қана қоймай, жастардың кәсіби әлеуетін арттыруға да бағытталған. Мұнда әрбір жас маманға жеке кеңес беріліп, оның қабілетіне сай мамандықтар мен бос жұмыс орындары ұсынылады. Сонымен қатар, кәсіптік біліктілікті жетілдіру бойынша түрлі курстар мен тренингтер ұйымдастырылып келеді.
Шымкент қаласында Мансап орталықтары барлық аудандарда жұмыс істейді:
– Абай ауданы – Арғынбеков көшесі, 243/3;
– Еңбекші ауданы – Астана шағынауданы, 106;
– Әл-Фараби ауданы – Байтұрсынов көшесі, 201;
– Қаратау ауданы – Бәйтереков көшесі, 89;
– Тұран ауданы – Қазыбек көшесі, 50.
Жұмыс іздеп жүрген немесе мамандығы бойынша тәжірибе жинағысы келетін жастар үшін Мансап орталығы – сенімді қолдау алаңы. Мұнда әрбір жас өз болашағын нақты бағытта қалыптастырып, кәсіби өмірге сенімді қадам жасай алады.

