Жаңа Салық кодексі мен тарифтік саясат түсіндірілді

Жаңа Салық кодексі мен тарифтік саясат түсіндірілді

Шымкент қаласында кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексінің негізгі ережелерін және тарифтік саясаттағы өзгерістерді түсіндіруге арналған кеңейтілген кездесу өтті. Бұл жиын бизнес қауымдастығы мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалог алаңына айналды.

Кездесу Қаратау ауданы әкімдігінің ғимаратында ұйымдастырылып, оған Энергетика, Қаржы, Сауда және интеграция, сондай-ақ Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Энергетика вице-министрі Қуанышбек Тұтқышбаев, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жандос Нұржанов, Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ербол Жаутікбаев және Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаменті басқармасының басшысы Сейітжан Нұртаза кәсіпкерлермен кездесті.

Шараға «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, жергілікті атқарушы органдардың және аумақтық мемлекеттік құрылымдардың өкілдері де қатысты. Кездесудің басты мақсаты – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің мазмұнын түсіндіру және бизнеске қатысты негізгі экономикалық өзгерістер туралы ақпарат беру болды.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Еділ Әзімшайық жаңа кодекстің мазмұны мен ерекшеліктері жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы 2025 жылғы 18 шілдеде қол қойған құжат елдің салық жүйесін жаңғырту, есептілікті жеңілдету және экономикалық белсенділікті арттыруды көздейді.

Жаңа кодексте бірқатар маңызды жаңашылдықтар қарастырылған:
– салықтық есептіліктің көлемі 30%-ға қысқарады;
– салық түрлерінің саны 20%-ға азаяды;
– салықтық жеңілдіктер жүйесі оңтайландырылады;
– сараланған салық ставкалары енгізіледі;
– инвестициялық белсенділікті ынталандыру тетіктері күшейтіледі;
– сән-салтанат заттарына салықтық жүктеме артады.

Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Әсіресе, жаңа кодекстің шағын және орта бизнеске, ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласына ықпалына қатысты мәселелер талқыланды. Министрлік өкілдері бизнес жүргізудің жаңа шарттары мен салықтық әкімшілендіруді жетілдіру бағыттары жөнінде егжей-тегжейлі түсініктеме берді.

Іс-шараның қорытындысында кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланыс пен ашықтықты нығайтуға баса мән берілді. Мұндай кездесулер бизнестің дамуына және жаңа экономикалық саясатты тиімді іске асыруға серпін беретін маңызды алаң болып табылады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...