Өндірістегі табыс – жұмысшы мамандықтардың беделін көтереді

Өндірістегі табыс – жұмысшы мамандықтардың беделін көтереді

Шымкент қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамдарының еңбегін дәріптеу және олардың қоғамдағы мәртебесін арттыру мақсатында ақпараттық тур өтті. Іс-шара барысында БАҚ өкілдері «ЭкоФарм Интернейшнл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік орнымен танысып, кәсіпорындағы жұмысшылардың кәсіби қызметімен жақынырақ танысты.

2012 жылы құрылған бұл кәсіпорын еліміздегі медициналық мақсаттағы бұйымдар өндіретін жетекші өндіріс орындарының бірі саналады. Қазіргі таңда мұнда 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл — өңірдегі жұмысшы мамандықтардың дамуы мен жаңа жұмыс орындарының көбеюінің айқын дәлелі.

Компанияның басқарушы директоры Асхат Ахметовтың айтуынша, кәсіпорын жыл сайын 290 миллион дана өнім өндіреді. Алғашқы кезеңдерде 57 түрлі медициналық бұйым шығарылса, бүгінде өнім түрі 460 атауға дейін кеңейген. Олардың қатарында вакуумдық пробиркалар, стерильді инелер, медициналық шприцтер мен өзге де бұйымдар бар. Өнімдер еліміздің барлық өңірлеріне жеткізіліп, ішкі нарықты қамтамасыз етуде. Алдағы уақытта кәсіпорын өнімдерін шетел нарығына экспорттау жоспары да бар.

«ЭкоФарм Интернейшнл» ұжымы кәсіби білікті мамандардан құралған. Солардың бірі – сапа бөлімінің тәжірибелі маманы Эльмира Ахшораева. Ол бұл кәсіпорында он жылдан астам уақыттан бері табысты еңбек етіп келеді.

– Мектеп кезінде химия пәніне ерекше қызығушылық таныттым. Осы саланы таңдап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия-технология факультетін үздік тәмамдадым. Қазіргі уақытта вакуумдық пробиркалар цехында еңбек етемін. Цех тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Менің жұмыс күнім таңғы 8:30-дан кешкі 19:00-ге дейін жалғасады. Өндірістік ортада түрлі тосын жағдайлар кездесіп жатады. Мұндай сәттерде тез әрі нақты шешім қабылдай білу қажет. Өзім оқыған мамандық бойынша еңбек етіп жүргеніме қуаныштымын. Бұл – менің бала күнгі арманым болатын, – дейді Эльмира Ахшораева.

Кәсіпорында сапа менеджменті жүйесі халықаралық стандарттарға сай енгізілген. Мұнда қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға, еңбек жағдайын жақсартуға және әлеуметтік қолдауға айрықша мән беріледі. Еңбек өнімділігін арттыру және жаңа технологияларды енгізу арқылы кәсіпорын бәсекеге қабілеттілікті арттыруда.

Баспасөз туры аясында жұмысшы мамандық иелерінің еңбегін көпшілікке таныстыру, өндірістік мәдениетті дамыту және еңбек адамының қоғамдағы беделін көтеру мәселелері талқыланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ақпараттық шаралар еңбек нарығындағы оң көзқарасты қалыптастыруға, жастарды өндіріс саласына тартуға және жұмысшы кәсіптердің әлеуметтік мәртебесін арттыруға ықпал етеді.

Қаладағы осындай кәсіпорындар мен онда еңбек етіп жүрген мыңдаған жұмысшы маман — еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен дамуының басты тірегі. Еңбек адамының еңбегін бағалау және оны насихаттау – қоғамның өркендеуінің кепілі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...