«Taza Qazaqstan» экологиялық эстафетасы – жастар белсенділігінің жарқын көрінісі

«Taza Qazaqstan» экологиялық эстафетасы – жастар белсенділігінің жарқын көрінісі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде экологиялық мәдениетті арттыру және қоршаған ортаны қорғау бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Сол бастамалардың бірі – «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Taza Qazaqstan» жалпыұлттық экологиялық эстафетасы.

Республикалық Road-эстафета 30 қыркүйекте Алматы қаласынан бастау алып, Жамбыл облысы арқылы шамамен 800 шақырым жол жүріп, Шымкент қаласына жетті. Эстафета барысында жол бойында әртүрлі экологиялық іс-шаралар өткізілді. Тұрғындарға тұрмыстық қалдықтардың табиғатта ыдырау мерзімі мен қоршаған ортаға тигізер зияны туралы түсіндірілді. Акцияның алғашқы үш күнінде 600-ден астам ерікті қатысып, 90 тоннадан астам қоқыс жиналды.

Жобаның ерекшелігі – тек санитарлық тазалық шараларымен шектелмей, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыру, азаматтармен пікір алмасу және тарихи-мәдени нысандарды абаттандыру жұмыстарын қамтуында. Эстафета қатысушылары жол бойында орналасқан «Ақыртас» кешені мен Сауран қалашығында сенбілік өткізіп, тарихи мұра объектілерінің маңын тазартты.

Шымкент қаласында акция ерекше қарқынмен жалғасын тапты. Жергілікті жастар бастаманы жылы қабылдап, экологиялық іс-шараларға белсенді қатысты. Қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері мен еріктілер әртүрлі аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, көшеттер отырғызу мен қалдықтарды сұрыптау бойынша іс-шаралар өткізді. Бұл арқылы жастар қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті арттырудың үлгісін көрсетті.

Эстафета аясында экологиялық мәдениетті насихаттауға арналған түрлі экоактивити жобалар ұйымдастырылды. «Қоқысты өткіз – сыйлық ал» акциясы тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге тапсыру мәдениетін дәріптеді. Сондай-ақ экологиялық викториналар, қалдық материалдардан бұйым жасау бойынша шығармашылық байқаулар мен гүл отырғызуға арналған шеберлік сағаттары өткізілді.

Гүл отырғызу бойынша өткен мастер-класқа Dasik_begonia және Gulhome.Store2 мекемелерінің бағбандары қатысып, жас қатысушыларға өсімдіктермен жұмыс істеу және күтім жасау тәсілдерін үйретті. Бұл іс-шаралар жастардың экологиялық көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, табиғатқа қамқорлық танытудың нақты амалдарын үйретті.

«Taza Qazaqstan» экологиялық эстафетасы – елімізде экосананы күшейтудің, азаматтық жауапкершілікті арттырудың және жастарды табиғатты аялауға баулудың жарқын мысалы. Шымкентте өткен бұл шара мыңдаған адамның ортақ күш-жігерін біріктіріп, таза әрі жайлы орта қалыптастырудың маңызын айқын көрсетті.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...