Өз ісіне адалдықпен жеткен шебер маман – Джамила Сырлыбаева

Өз ісіне адалдықпен жеткен шебер маман – Джамила Сырлыбаева

Шымкент қаласында еңбек етіп жүрген Сырлыбаева Джамила Джумаевна – өз ісіне адалдығымен, еңбекқорлығымен және көп жылдық тәжірибесімен ерекшеленетін кәсіби маман. Өндіріс саласында табандылықпен қызмет атқарып келе жатқан ол бүгінде өзінің біліктілігі мен жауапкершілігі арқасында еңбек ұжымында зор құрметке ие.

Джамила Джумаевна 1969 жылдың 21 шілдесінде Тәжікстан Республикасында дүниеге келген. 1976 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1984 жылы орта білімін аяқтағаннан кейін, тағдырын өндіріс саласымен байланыстыруды шешті. Сол жылы №9 кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, 1987 жылы үздік нәтижемен тәмамдады. Жастайынан еңбекке бейім, жауапкершілігі жоғары Джамила алғашқы кәсіби жолын Алматы қаласындағы консервілеу зауытында бастап, 1987 жылдан 1995 жылға дейін табысты еңбек етті. Бұл жылдар оның еңбекқорлығын қалыптастырып, өндіріс процесінің қыр-сырын меңгеруге үлкен мектеп болды.

1988 жылы отбасын құрып, үш бала тәрбиеледі. Отбасылық өмір мен жұмысты қатар алып жүріп, әркез еңбекке деген сүйіспеншілігін жоғалтпады. 2001 жылы отбасы Шымкент қаласына қоныс аударып, жаңа ортада да өзінің кәсіби тәжірибесін жалғастыруды көздеді. 2005 жылы «Шымкентмай» акционерлік қоғамының сабын цехына жұмысқа орналасқан Джамила алғашқы күннен-ақ өз ісіне тиянақты, ұқыпты маман ретінде көзге түсті. Сабын жинаушы ретінде еңбек жолын бастаған ол қысқа мерзім ішінде кәсіби тұрғыда өсе білді.

2006 жылы сабыншының көмекшісі қызметіне ауысқан Джамила Джумаевна өндірістегі процестерді терең меңгеріп, технологиялық тәртіпті сақтауда үлгілі қызметкер ретінде танылды. Еңбекқорлығы мен тәжірибесін ұштастыра отырып, 2007 жылы сабыншы лауазымына көтерілді. Ал 2008 жылдың қаңтар айында ол сабын цехының ауысым шебері қызметіне тағайындалып, содан бері осы лауазымда табанды еңбек етіп келеді.

20 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман ретінде Джамила Сырлыбаева өз ісін жетік меңгерген, ұжымдағы жас мамандарға бағыт-бағдар беретін тұлға. Ол әріптестері арасында қарапайымдылығымен, жауапкершілігімен және талапшылдығымен ерекше құрметке ие. Цехтағы әрбір процестің сапалы орындалуын қадағалап, өнімнің жоғары стандарттарға сай болуын қамтамасыз етеді.

Өз жұмысына сүйіспеншілікпен қарайтын Джамила Джумаевнаның өмірлік ұстанымы – «еңбектің берекесі – адалдық пен ұқыптылықта». Оның табандылығы мен кәсібилігі жас мамандарға үлгі болып, еңбек адамының мәртебесін арттырып келеді. Қарапайым еңбектен бастап басшылық деңгейге дейін жеткен жолы – шынайы табыс пен тынымсыз еңбектің нәтижесі.

Бүгінде Джамила Джумаевна ұжымның сенімді әрі тәжірибелі мүшесі ретінде өз еңбегімен құрметке бөленіп отыр. Ол үшін өндіріс – тек жұмыс орны ғана емес, өмірінің бір бөлігі. Еңбекқорлығы мен адамгершілігі арқылы ол нағыз кәсіби маманның бейнесін қалыптастырған.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...