«Адал азамат» құндылықтарын білім беру процесіне ендіру – жас ұрпақтың рухани тірегі

«Адал азамат» құндылықтарын білім беру процесіне ендіру – жас ұрпақтың рухани тірегі

Шымкент қаласында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің бірлескен жұмысы аясында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарын оқу үдерісіне енгізу бойынша республикалық семинар өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақты адалдыққа, әділдікке, жауапкершілік пен парасаттылыққа баулу, сонымен бірге болашақ педагог мамандардың бойында осы қасиеттерді жүйелі түрде қалыптастыру.

Семинарды университеттің оқу-әдістемелік істер жөніндегі проректоры Гүлмира Бердібекова ашып, жастардың бойында отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Ал «Өрлеу» орталығының Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Меруерт Медетбекова «Адал азамат» бағдарламасының негізгі бағыттары мен ерекшеліктері туралы баяндап, оны оқу-тәрбие процесіне енгізудің нақты тәсілдерін ұсынды.

Жиынға профессор-оқытушылар құрамы мен қала мектептерінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. №24, 50, 117 және 16 мектептердің өкілдері «Тұлғаның рухани-адамгершілік бағдары» тақырыбында ой өрбітсе, №90 және №112 мектеп мамандары тәрбиенің сабақтастығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, №47, 55 және 133 мектептің қызметкерлері «Адал азамат» бағдарламасын мектептің тәрбие жұмысына тиімді енгізу тәжірибесін таныстырды.

Іс-шара барысында қатысушылар оқушылардың азаматтық жауапкершілігін дамытуда ата-ананың, мектептің және ұстаздың рөлін талқылады. «Мен – адал азаматпын» атты пікірталас барысында жастардың өзіндік сана-сезімін, моральдық ұстанымын қалыптастыру жолдары айтылды. Сондай-ақ тәрбие сағаттарында және пән сабақтарында адалдық пен әділдік құндылықтарын енгізудің әдістемелері ұсынылды.

Семинар соңында Университеттің ғылым және инновациялық жұмыстар жөніндегі проректоры, профессор Талжан Раимбердиев тәрбиенің жүрекпен берілетін үдеріс екенін ерекше атап өтті. Ол болашақта бұл бағыттағы тәжірибені магистратура және докторантура деңгейінде дамыту қажеттігін де айтты.

Меруерт Медетбекова семинарды қорытындылай келе, «Адал азамат» бағдарламасының негізгі миссиясы – ел болашағы саналатын жастардың рухани бейнесін қалыптастыру екенін айтты. Оның сөзінше, әр педагог өз ісінде парасаттылық пен адалдықтың үлгісін көрсету арқылы шәкірттің жүрегіне жол таба алады.

Мұндай іс-шаралар тек білім беру саласының ғана емес, қоғамның рухани жаңғыруының да маңызды бөлігі. Себебі адалдық – адамдықтың айнасы, ал әділдік – елдің тұрақтылығының кепілі. «Адал азамат» бағдарламасы осы құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіріп, жас буынды жауапты әрі саналы тұлға болып қалыптасуға жетелейді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...