Алматы әлем назарында: қалада инклюзивті білім берудің WIC 2025 Дүниежүзілік конгресі өтуде

Алматы әлем назарында: қалада инклюзивті білім берудің WIC 2025 Дүниежүзілік конгресі өтуде

Бүгін Алматыда 15-17 қазан аралығында өтетін Инклюзивті білім беру жөніндегі бірінші Дүниежүзілік конгресс — World Inclusion Congress (WIC 2025) өз жұмысын бастады.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, «HOPE» қоры (Help Others Pursue Education, Қазақстан) және International Forums of Inclusion Practitioners (IFIP, Ұлыбритания) бірлесе ұйымдастырды.

Конгресс аясында әлемнің 40 елінен келген 1200-ден астам қатысушы, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық және ғылыми ұйымдар, педагогтер мен сарапшылар, сондай-ақ инклюзивті білім беру саласындағы көшбасшылар бас қосты.

Қатысушылардың қатарында Азия, Африка, Еуропа, Солтүстік Америка және Австралия елдерінің делегаттары бар. 100-ден астам шетелдік және отандық сарапшылар пленарлық және панельдік сессияларда баяндама жасайды.

Конгрестің құрметті қонақтары қатарында IFIP ұйымының негізін қалаушы, инклюзивті білім беру саласындағы сарапшы Даниэль Собель, Ноттингем университетінің проректоры, инклюзивті білім бойынша жетекші ғалым Умеш Шарма, сондай-ақ әйгілі Fuji Kindergarten балабақшасының авторы, жапон сәулетшісі Такакура Тэдзука бар.

Конгрестің негізгі тақырыбы білім берудегі инновациялар, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу. Ерекше назар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған технологиялық шешімдерге, оқытудың сапасын арттыруға, халықаралық тәжірибе алмасуға және елдер арасындағы серіктестікті дамытуға аударылады.

Конгресс аясында Innovation Expo атты инновациялар көрмесі ашылды. Көрмеде цифрлық технологиялар, білім беру және қолжетімді ортаға арналған шешімдер ұсынылған. Іс-шараға Қазақстан, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Польша және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен 17 компания қатысуда. Көрме үш күн бойы Grand Hall қонақүйінде және ашық павильондарда өтеді.

Конгрестің алғашқы күні «Инклюзивті білім берудегі жаһандық трендтер: сын-тегеуріндер мен шешімдер» тақырыбында дөңгелек үстел және балалардың психикалық әл-ауқаты, ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау сынды 15 тақырып бойынша панельдік сессиялар ұйымдастырылды.

16-17 қазан күндері конгресс жұмысы жалғасады. Осы күндері инклюзивті білім беру саласындағы ғылыми ұйымдар мен серіктестер арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою жоспарланып отыр.

Арнайы назар Алматы декларациясының жобасын талқылауға аударылады. Оның қабылдануы инклюзия саласында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті қолдануда бірыңғай халықаралық тәсілдерді қалыптастыру мен ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы болмақ.

Конгрестің салтанатты жабылуы 17 қазанда өтеді. WIC 2025 инклюзия мәдениетін дамытуға, білімге тең қолжетімділікті ілгерілетуге, жаңа технологиялар мен үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге және халықаралық серіктестікті нығайтуға серпін береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

9 февраля 2026 года в Национальной академической библиотеке РК в городе Астане по инициативе Клуба главных редакторов Республики Казахстан состоялся круглый стол на...