Түркістан облысында Дүниежүзілік тазалық күні аясында ауқымды сенбілік өтті

Түркістан облысында Дүниежүзілік тазалық күні аясында ауқымды сенбілік өтті

20 қыркүйекте Түркістан облысында Дүниежүзілік тазалық күніне орай World Cleanup Day халықаралық экологиялық бастама шеңберінде жалпыоблыстық сенбілік ұйымдастырылды. Бұл акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қоқыстан тазарту ғана емес, сонымен бірге азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоғамда қоршаған ортаға деген жауапкершілікті нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және тұрғындарды ортақ іске жұмылдыру болды. Облыс көлемінде өткен шараға мыңдаған адам қатысып, ондаған тонна тұрмыстық қалдықтар арнайы полигондарға жеткізілді.

Облыс орталығы – Түркістан қаласында өткен сенбілікке мыңнан астам адам қатысып, 32 арнайы техника жұмылдырылды. Қатысушылардың қатарында мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, қалалық басқармалар мен бөлімдер, коммуналдық кәсіпорындар, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар өкілдері, түрлі ЖШС қызметкерлері және еріктілер болды. Сенбілік барысында Б.Саттарханов даңғылы мен Қазыбек би көшесінің аралығындағы аумақтарда тазалық жұмыстары жүргізіліп, шөптер шабылды, аяқжолдар тазартылды және 85 тоннаға жуық қалдық арнайы орындарға шығарылды.

Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Сырдария–Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі де бұл бастамадан шет қалмады. Парктің Сырдария, Түркістан және Боралдай филиалдарының қызметкерлері табиғи аумақтарды қоқыстан тазартуға белсене атсалысты. Барлығы 50-ге жуық инспектор мен маман сенбілікке қатысып, өзен маңындағы және орман белдеулеріндегі қалдықтарды жинады. Бұл шара бір жағынан табиғатты сақтауға үлес қосса, екінші жағынан табиғи аймақтардың экологиялық тазалығын қамтамасыз етуге бағытталды.

Қазығұрт ауданында жалпы аудандық сенбілік ұйымдастырылып, барлық ауылдық округтерде тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілді. Аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың тапсырмасына сәйкес, ауыл әкімдіктері мен мемлекеттік мекемелер, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет саласының қызметкерлері, сондай-ақ жастар мен еріктілер сенбілікке белсене қатысты. Аудан аумағында қоқыстар арнайы техника көмегімен белгіленген орындарға шығарылып, арамшөптер шабылып, жасыл желектерге күтім жасалды, ағаштар әктеліп, арықтар мен қоғамдық аумақтар тазартылды. Аудан басшысы ауылдарды аралап, атқарылған жұмыстармен танысып, алдағы уақытта мұндай шаралардың тұрақты өтуін тапсырды.

Жетісай ауданында ұйымдастырылған сенбілік ең көп қатысушы жинаған шаралардың бірі болды. «Тазалық өзімізден басталады» ұранымен өткен тазалық шарасына 3 мыңға жуық адам қатысты. Оның ішінде 205 мемлекеттік қызметші, 30-ға жуық мәслихат депутаты, 300-ге жуық ерікті жастар мен мыңдаған аудан тұрғындары белсенділік танытты. Қатысушылар аудан орталығы мен елді мекендердегі бей-берекет жатқан қоқыстарды, «Достық» магистральды каналының К-26 арнасын, аудан кіреберісін, Шардара су қоймасының ауданға тиесілі аумағын және Жетісай қаласының орталық саябағын қоқыстан тазартты. Нәтижесінде 110 тонна тұрмыстық қалдық арнайы техникамен Мақталы ауылдық округіндегі полигонға жеткізілді.

Аудан әкімі Серік Мамытов тұрғындардың бұл бастамаға белсенді атсалысуын ерекше атап өтіп, әр азаматтың өз үйінің, ауласының, көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қарауы қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, жас ұрпақтың бойына туған жеріне деген құрмет пен экологиялық тәрбие сіңіру үшін осындай нақты істер аса маңызды.

Облыста өткен бұл сенбілік тек бір күндік акция ретінде емес, келешекте тұрақты негізде ұйымдастырылатын қоғамдық мәдениетті қалыптастыру құралы ретінде бағаланып отыр. Қазіргі таңда Түркістан облысының түрлі аудан, қалаларында экологиялық бағыттағы жобалар мен шаралар жалғасуда. Облыс әкімдігі мұндай бастамаларға қолдау көрсетуді және қоғамдық жауапкершілікті нығайтуды басты назарда ұстайтын болады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов...

Азаматтар, қоғамдық ұйымдар, ғалымдар мен заңгерлер қауымдастығының бірқатар ұсынысы негізінде Қазақстаның жаңа Конституциясының жобасына жаңа...