Бәйдібек ауданын дамытудың нақты бағыттары белгіленді

Бәйдібек ауданын дамытудың нақты бағыттары белгіленді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Бәйдібек ауданына жасаған жұмыс сапары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін нақты шешімдермен есте қалды. Аудан активімен өткізілген кеңейтілген отырыс барысында аймақ басшысы бірқатар маңызды мәселелерді көтеріп, оларды шешудің тиімді жолдарын ұсынды. Бұл кездесудің басты мақсаты – өңірлік даму стратегиясын жүйелеу және басқару деңгейіндегі жауапкершілікті арттыру болды.

Кездесу барысында ауданның қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуалы жан-жақты сараланды. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, салық түсімдерінің көлемі, ауылдық округтердің қаржылық дербестігі, сондай-ақ кірістерді заңдастыру мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. Облыс басшысы басқарма жетекшілері мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, әр өңірлік буынның тиімді жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіштердің төмендеуі ерекше алаңдаушылық тудырғаны байқалды.

Аудан активімен өткен басқосуда әкімдік тарапынан атқарылып жатқан «Өзін-өзі қамтамасыз ету жол картасы» жобасының тиісті деңгейде орындалмағаны сынға алынды. Нұралхан Көшеров аудан әкімдеріне бюджетке тәуелділікті азайту қажеттігін атап, жергілікті жердегі экономиканы әртараптандырудың маңыздылығына тоқталды. Бұл ретте ауылдық округ әкімдері нақты нәтижеге бағытталған жұмыстарды күшейтіп, ауылдың әлеуетін арттыру бағытында белсенді қимылдауы тиіс екенін ескертті.

Сонымен қатар, облыс басшысы жергілікті жерлерде инвесторлармен жұмысты жандандырып, өндіріс орындарын ашу арқылы жаңа жұмыс орындарын көбейту қажеттігін де баса айтты. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы өңірлік экономиканың өсіміне ықпал етуге болады. Мұның өзі тек әлеуметтік жағдайды жақсартумен шектелмей, ауылдық жерлердегі халықтың тұрақтылығына да сеп болады.

Басқосу барысында Бәйдібек ауданының туризм саласындағы әлеуеті кеңінен сөз болды. Облыс әкімі аудан аумағындағы тарихи, рухани және табиғи бай мұраларға негізделген туризмді дамыту қажеттігін алға тартты. Туристік нысандардың инфрақұрылымын жақсарту, тазалық сақтау және қызмет көрсету сапасын көтеру – бұл саланың негізгі талаптары екені айтылды. Әр аудан өзінің брендіне айналатын бағытты таңдап, сол бойынша жүйелі түрде жұмыс істеуі тиіс деген ұсыныс айтылды.

Тазалық мәселесі де әкім назарынан тыс қалған жоқ. Аудан аумағындағы санитарлық жағдай бойынша арнайы тексерулер жүргізілетіні ескертілді. Тиісті талаптарды сақтамаған ауыл әкімдеріне тәртіптік шаралар қолдану жоспарланып отыр. Бұл – жергілікті басшылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған нақты қадам.

Кездесуде Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев аудандағы атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп беріп, негізгі көрсеткіштер мен өзекті мәселелерді баяндады. Сонымен қатар басқарма басшылары да өз салалары бойынша пікірлерін білдіріп, бірлескен іс-қимылдың бағыттарын нақтылады.

Кездесуді қорытындылай келе, облыс әкімі мәслихат депутаттарын да бұл жұмыстарға белсенді қатысуға шақырды. Әсіресе, инвестициялық жобаларды қолдау, өз округтеріндегі жаңа жобаларды зерделеу және жергілікті бастамаларды көтеру бағытында мәслихаттың рөлі зор екені айтылды.

Бәйдібек ауданының даму векторы айқын. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм және инфрақұрылым – ауданның басты тірек салалары ретінде белгіленді. Бұл бағыттар бойынша атқарылатын жұмыстардың сапасы мен уақтылы орындалуы – жергілікті тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір ауылдық округ әкімі өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп, нақты нәтиже үшін еңбек етуі қажет. Алдағы кезеңде қабылданған шешімдер мен тапсырмалардың орындалуы Бәйдібек ауданының жаңаша даму кезеңіне жол ашатыны сөзсіз.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...