Шымкент қаласының әкімі Әлем және Азия чемпиондарымен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Әлем және Азия чемпиондарымен кездесті

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әлем және Азия чемпиондарымен кездесті. Мақтаныш пен шабытқа толы атмосфера аясында спортшылар алған әсерлерімен бөліссе, қала басшысы олардың тамаша жетістіктерінің бүкіл ел үшін маңызды екеніне тоқталды.
Айта кетейік, Ливерпульде өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жеті алтын, бір күміс, екі қола медаль жеңіп алып, тарихи жетістікке жетті. Бұл рекорд қазақстандық спорттың шежіресіне енеді.

Ағайынды Сабырхандарға арнайы алғыстар айтылды. Махмұд тұғырдың ең биік сатысына екінші рет көтерілсе, небәрі 19 жастағы інісі Төрехан тұңғыш рет әлем чемпионы атанып, төл тарихта қалды.

Шымкент спортында өзге де жетістіктер жетерлік. Бангкок қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Санжар-Әли Бегалиев алтын алса, тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Ғалымжан Темірбаев Абайдың 180 жылдығына арналған турнирде және үш дүркін әлем чемпионы Жұмажан Қожамбеков әскерилер арасындағы қазақ күресінен чемпион атанып, шеберлік көрсетті.

«Ерік-жігер, тәртіп пен спортқа деген адалдық осындай нәтижелерге жетелейді. Спортшыларымыздың жетістіктері жастарды шабыттандырады және Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін нығайтады», - деді қала әкімі.

Жеңімпаздарға демеушілер есебінен автокөліктер табысталды.

Мұндай кездесулер – тек марапаттау рәсімі ғана емес, сонымен бірге жас ұрпаққа өнеге көрсетудің тамаша үлгісі. Бүгінде Шымкент қаласы спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Қалада 600-ден астам спорт нысаны бар, ал жүйелі түрде спортпен айналысатын тұрғындардың үлесі жыл сайын артып келеді. Бұл — қала әкімдігінің және спорт басқармасының мақсатты жұмысының нәтижесі.

Қазіргі таңда жүзден астам шымкенттік спортшы халықаралық деңгейде ел намысын қорғауда. Олар бокстан бөлек, дзюдо, күрес, жеңіл атлетика, гимнастика және өзге де спорт түрлерінде табысқа жетіп жүр. Осындай жеңістер ел рухын көтеріп, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырады.

Шымкент – чемпиондар қаласы атануға лайық. Мұнда спорттық инфрақұрылым кеңейіп, жаңа жаттығу залдары мен алаңдар салынуда. Алдағы уақытта қалада дарынды балаларға арналған олимпиадалық резерв мектебі мен заманауи спорт орталығының құрылысы жоспарланған.

Кездесудің соңында спортшылар мен бапкерлер бірлік пен табандылықтың арқасында биік белестерге жетуге болатынын айтты. Шымкенттің спорттағы жарқын жетістіктері алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім мол.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ