Қазақстанның еңбек саласындағы саясаты жыл өткен сайын жетілдіріліп келеді. Бұл сала – елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының негізгі тіректерінің бірі. Әсіресе Шымкент қаласында еңбек қатынастарын реттеу, халықты жұмыспен қамту, жұмыс орындарын сақтау мен жаңаларын құру бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда. Осы шаралардың барлығы мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Еңбек саясатының маңызды бағыты – заң аясында еңбек етуге жағдай жасау. Бұл бағытта еңбек инспекцияларының жұмысы күшейтіліп, жұмыс берушілердің де, қызметкерлердің де құқығы тең қорғалатын орта қалыптастырылуда. Көптеген кәсіпорындарда ұжымдық шарттар бекітіліп, әлеуметтік кепілдіктер артуда. Бұл – жұмысшылардың сенімін арттырып, еңбек өнімділігіне оң әсер ететін маңызды фактор.
Цифрландыру кезеңінде еңбек саласы да жаңа талаптарға бейімделуде. Электронды еңбек шарттары, Enbek.kz платформасы арқылы жұмыс іздеу, түйіндеме орналастыру және онлайн кеңес алу – бүгінде тұрғындар үшін қолжетімді мүмкіндіктердің бірі. Аталған жүйелер жұмыс іздеу процесін жеңілдетіп, еңбек нарығын ашық әрі тиімді етуге көмектеседі.
Шымкент қаласында жастарды, көпбалалы аналарды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды еңбекке тарту саясаты белсенді жүргізілуде. Арнайы бағдарламалар аясында олар кәсіптік оқуға, қайта даярлық курстарына қатысып, мемлекеттік грант арқылы өз ісін ашуға мүмкіндік алуда. Әсіресе жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыс», «Күміс жас» сынды жобалар оң нәтиже көрсетуде.
Еңбек саясаты тек жұмыс орнымен шектелмейді. Ол – азаматтың табысын арттыру, отбасын асырау мүмкіндігін жақсарту, әлеуметке сенімділік беру және экономикалық өсімге серпін беру құралы. Мемлекеттік қолдаулар мен жергілікті бағдарламалар еңбекке қабілетті азаматтарды белсенді өмірге тартуға, оларға жеке кәсібін бастауға немесе жаңа салаға бейімделуге жол ашып отыр.
Шағын және орта бизнеске де қолдау үлкен. Қайтарымсыз гранттар, микронесиелер, кәсіпкерлік курстар арқылы жұмыссыз азаматтар кәсіпкер атанып, жаңа жұмыс орындарын құруда. Бұл – еңбек саясатының нақты нәтижесі және қоғамдағы өзара жауапкершіліктің көрінісі.
Бүгінгі еңбек саясаты – адам капиталына салынған инвестиция. Ол арқылы білікті мамандардың жаңа буыны қалыптасып, қоғамда еңбекке деген құрмет артып келеді. Ал бұл өз кезегінде әлеуметтік әділеттілік пен тұрақты даму жолындағы маңызды қадам саналады.

