Бүгінгі таңда жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі өзекті болып отыр. Колледж және жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің көпшілігі өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуда түрлі қиындықтарға тап болады. Соның ішінде басты кедергілердің бірі – тәжірибенің жоқтығы. Осы мәселені шешу мақсатында мемлекет тарапынан «Жастар практикасы» жобасы іске асырылып келеді.
Бұл бағдарлама – жастарға өз мамандығы бойынша алғашқы тәжірибе жинақтап, еңбек нарығында бейімделуге мүмкіндік беретін тиімді құрал. «Жастар практикасы» арқылы жұмыссыз жастар жұмыс берушілермен байланыс орнатып, нақты жұмыс процесіне араласып, тәжірибе жинай алады. Бағдарлама 12 айға дейінгі мерзімді қамтиды және қатысушыларға ай сайын 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (2025 жылы шамамен 109 500 теңге) еңбекақы төленеді.
Жобаға қатысу үшін бірнеше талаптар қойылған. Атап айтқанда, қатысушы 35 жасқа дейінгі азамат болуы тиіс, соңғы 5 жыл ішінде оқуын аяқтаған және өз мамандығы бойынша жұмыс өтілі болмауы қажет. Яғни, бұл бағдарлама еңбек нарығына енді ғана қадам басқалы тұрған жастар үшін арнайы әзірленген.
Жастар практикасына қатысу үшін алдымен жұмыспен қамту орталығына немесе Мансап орталықтарына барып, жұмыссыз ретінде тіркелу керек. Кейіннен мамандар түлектің мамандығына сәйкес жұмыс орнын іздеп, оны бағдарлама аясында жұмыс берушіге жібереді. Түлек бір жылға дейін сол ұйымдарда еңбек етіп, тәжірибе жинақтайды. Жұмыс беруші тарапынан да бақылау болады, әрі қатысушының жұмыс сапасы мен тәртібі де ескеріледі.
Бағдарламаның басты артықшылықтарының бірі – жастар практикасы аяқталған соң, жұмыс беруші жас маманды тұрақты жұмысқа қалдыруға ниетті болса, оны еш кедергісіз жұмысқа қабылдай алады. Бұл – жұмыссыздықтың алдын алып қана қоймай, білікті кадрлар резервін қалыптастыруға да ықпал етеді.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мұндай қолдау жастарға өз қабілетін көрсетуге, еңбек етуге және болашағына нақты бағыт алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бағдарлама жұмыс берушілер үшін де тиімді. Олар мамандарды алдын ала жұмыс барысында танып, олардың еңбекке деген көзқарасын, дағдыларын бағамдай алады.
Бүгінде Шымкент қаласында да жастар практикасы аясында көптеген түлек жұмысқа орналасып, алғашқы еңбек жолын бастап отыр. Мысалы, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында осы жоба аясында жүздеген жас тәжірибе жинап, біразы тұрақты жұмысқа қабылданған.
Жастар практикасы – тек жұмыс тәжірибесін жинақтауға ғана емес, сонымен қатар, еңбек мәдениетін меңгеруге, жұмыс ортасына бейімделуге және жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын әлеуметтік маңызды бастама. Жастар үшін бұл – болашақ мансаптың алғашқы баспалдағы.

