Жастарға арналған бағдарламалар Самал базарында түсіндірілді

Жастарға арналған бағдарламалар Самал базарында түсіндірілді

Самал базары аумағында жастарға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға Абай ауданы әкімінің аппаратының Әлеуметтік қорғауға қолдау бөлімінің мамандары қатысып, жастарға мемлекет ұсынатын қолдау бағдарламалары туралы кеңес берді. Бұл бастама жастар арасында жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға және олардың белсенділігін көтеруге бағытталған.

Мамандар жұмыс іздеуші жастарға арналған бірнеше негізгі мемлекеттік бағдарлама бойынша ақпарат ұсынды. Атап айтқанда, «Жастар практикасы» – оқу орнын жаңа аяқтаған түлектерге жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік беретін жоба. Бұл бағдарлама арқылы жас мамандар мамандықтарына сәйкес ұйымдарда 6 айға дейін тәжірибе жинақтап, кейін тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.

Сондай-ақ «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жайлы кеңес берілді. Бұл бағдарлама аясында 29 жасқа дейінгі жастар кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа орналасады, жалақысының бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Бұл – жұмыс берушілерді жастарды жұмысқа тартуға ынталандыратын маңызды құралдардың бірі.

«Қоғамдық жұмыс» бағдарламасы да таныстырылды. Бұл бағдарлама негізінен уақытша жұмыс іздегендерге арналған. Әлеуметтік жобалар аясында түрлі мекемелер мен ұйымдарда жұмыс орындары қарастырылып, жастар тәжірибе жинақтай отырып, жалақы алады.

Кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан жастарға қысқа мерзімді оқыту курстары жайлы ақпарат берілді. Бұл курстарда бизнес жүргізудің негіздері, қаржылық сауаттылық және жеке кәсіп ашу жолдары оқытылады. Жоба аяқталған соң қатысушылар мемлекеттік гранттарға қатысу арқылы өз бизнесін бастай алады.

Іс-шара барысында жастарға ақпараттық парақшалар таратылып, сұрақтарына нақты жауаптар берілді. Мамандар әр жастың жеке жағдайына қарай бағыт-бағдар ұсынып, қай бағдарлама сәйкес келетінін түсіндірді. Сонымен қатар жастар Enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы жұмыс іздеу жолдары мен тіркелу процесін де үйренді.

Базар аумағында өткізілген бұл кездесу көптеген жасқа өз мүмкіндігін бағамдауға және нақты қадам жасауға түрткі болды. Мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттанған соң, жастардың көбі жақын маңдағы Мансап орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелуге, бағдарламаға қатысуға шешім қабылдады.

Шымкент қаласында осындай көшпелі түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл – халықтың әрбір санатына мемлекеттік қолдау тетіктерін жақындатудың тиімді жолы. Әсіресе базар, аурухана, халық тығыз шоғырланған шағынаудандарда өткізілген шаралар жұмыспен қамту мүмкіндігін арттырып отыр.

Жастардың еңбекке араласуы мен өз әлеуетін іске асыруы — елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кепілі. Сондықтан да мемлекет тарапынан ұсынылып отырған бағдарламалармен танысу және оларды тиімді пайдалану әрбір жастың болашағына инвестиция болмақ.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2026 жылғы қаңтар айында көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен 875,2 мың отбасы жалпы сомасы 56,5...

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...