Қызылорда қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында дәстүрлі мәдениет пен қазіргі заман талабын үйлестіретін ерекше іс-шара өтті. «ОюLike» деп аталған бұл бастама аясында қыз-келіншектерге ұлттық қолөнердің күрделі де нәзік тұстары үйретіліп, түкті кілемше тоқу, құрақ құрау, киізден бұйым жасау және заманауи шоппер тігу дағдылары бойынша тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылды.
Шараға этнограф-ғалымдар, дизайнерлер, мәдениеттанушылар мен креативті кәсіпкерлер қатысты. Олар қазақ ою-өрнектерінің тарихы мен мағынасына терең тоқталып, олардың сән әлемі мен бренд өнімдердегі қолданылу аясына байланысты өз пікірлерін ортаға салды. Қазақ орнаментологиясының негізін қалаушылардың бірі, танымал этнограф және суретші Ералы Оспанов қатысып, өзінің ұзақ жылдық зерттеу нәтижелерімен бөлісті.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессорлары мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері ұлттық өрнектердің қазіргі коммерциялық мақсатта бұрмаланып жатқанын, олардың мағынасы сақталмайтынын айтып, бұл мәселеге назар аударуға шақырды.
Техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ләззат Шілдебаева: «Қазақтың ұлттық өрнегін сақтап, сәнге енгізу — ұлт мәдениетін әлемге танытудың ең тиімді жолы», — деді.
«Qazaq brand» атауымен ұлттық нақыштағы заманауи киім тігумен айналысып жүрген кәсіпкер Айман Әбді сән арқылы ұлттың болмысын жеткізу керектігін атап өтті. Ал қолөнерші Қарлығаш Ілясова өз бұйымдарын таныстырып, ою-өрнекті дұрыс қолдану жолдарын түсіндірді.
Шара барысында өңірлерден келген креативті индустрия өкілдері де онлайн және офлайн түрде пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. Қолөнер мен сән саласының түйісінде тұрған бұл бастама жергілікті халықтың үлкен қызығушылығына ие болды.

