Қызылордада ерекше қажеттілігі бар жандар арасында облыстық спартакиада өтті

Қызылордада ерекше қажеттілігі бар жандар арасында облыстық спартакиада өтті

Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде ерекше қажеттілігі бар жандар арасында облыстық деңгейдегі спартакиада өз мәресіне жетті. Бұл дәстүрлі шара Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдағы белсенділігін арттыру мен бұқаралық спортты насихаттауға бағытталды.

Жарыстың ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы қатысып, қатысушыларға сәттілік тілеп, спартакиаданың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қызылорда қаласының сол жағалауында ерекше жандарға арналған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Бұл нысан қыркүйек айында пайдалануға беріліп, ерекше спортшыларға үлкен мүмкіндіктер ашады.

Спартакиадаға облыстың барлық өңірінен 8 команда, 100-ге жуық спортшы қатысып, үстел теннисі, қол күресі және дойбы спорт түрлері бойынша өзара бақ сынасты. Қол күресінде түрлі салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар анықталды. Мәселен, тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында 55 келіге дейінгі салмақта І орынды Дәурен Қашмұрат жеңіп алды. Ал осы салмақтан жоғары санатта І орын Әділбек Ибрашовқа бұйырды. Есту қабілеті зақымданғандар арасында үздіктер ретінде Бауыржан Оразбаев пен Сәкен Берікұлы танылды.

Командалық есеп бойынша қол күресінен Жаңақорған ауданы І орынды иеленді, Шиелі – ІІ, Қазалы – ІІІ орынды алды. Үстел теннисінен Қызылорда қаласы жеңімпаз атанып, дойбыдан да қала құрамасы топ жарды. Жалпы командалық есепте Қызылорда қаласы І орын иегері атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы Алғыс хаттар, дипломдар және медальдар табысталды. Осындай спорттық іс-шаралар ерекше жандардың өмірге деген құлшынысын арттырып, қоғамда өз орнын табуына ықпал етеді. Спартакиада – бұл тек жарыс емес, рух пен ерік-жігердің мерекесі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2026 жылғы қаңтар айында көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен 875,2 мың отбасы жалпы сомасы 56,5...

Конституциялық комиссияға келіп түскен ұсыныстар мұқият зерделеніп, Ата заң жобасына қосымша нормалар енгізілді. Бұл туралы Конституциялық...